21.12.2020 _ 15:50

Заң бәріне ортақ. Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар жазасын қауіпсіздігі орташа және ең жоғары мекемелерде өтейтін болады

Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар қоныс-колонияларына жалпы негізде кіре алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты.

«Енді парақорлықтың ауыр құрамы үшін сотталғандар, ал бұл айтарлықтай және ірі мөлшерде пара алу және беру, құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның пара алуы, парақорлыққа бірнеше рет делдал болу жазасын өтеу үшін орташа қауіпсіз ҚАЖ мекемелеріне, ал аса ірі мөлшерде пара алған немесе берген адамдар – қауіпсіздігі барынша жоғары ҚАЖ мекемелеріне жіберілетін болады. Осылайша, мұндай санаттағы адамдар үшін жазаны неғұрлым ыңғайлы ұстау жағдайында өтеуге құқықтық тосқауыл қойылды», - деді Бектенов.

Ал колония-қонысқа көшу үшін енді олар залалды өтеумен қатар, үлгілі мінез-құлықпен тағайындалған жазаның бір бөлігін түзеу мекемелерінде өтеуі тиіс.