Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде 2018 жыл бойынша ҚР Қарулы Күштерінің қызмет қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті.
«2018 жыл Қазақстан Республикасының қарулы күштері үшін жақсы көрсеткіштермен аяқталды. Алда тұрған негізгі міндеттер орындалды. Өткізілген іс-шаралар еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып, әскери қызметтің беделін арттырды, қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетінің қажет етілетін деңгейін қамтамасыз етті. Жауынгерлік даярлықтың 116 іс-шарасы, 2313 жауынгерлік оқ ату, 664-тен аса тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Жұмылдыру даярлығы аясында 12 командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуы өткізілді», - деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Талғат Мұхтаров.
Сонымен қатар, жоғары білікті әскери кадрларды дайындау білім берудің барлық деңгейлерінде сержанттан бастап генералға дейін оқып-үйренушілердің сабақтастық дайындығын қамтамасыз ететін 9 әскери оқу орнын қамтитын әскери білім берудің бірыңғай көп деңгейлі жүйесінде өткізіледі.
«33 әскери кафедрада 13 900 студенттің әскери дайындығы жүзеге асырылады. 5508 запастағы лейтенант шығарылып, 4460 әскери-техникалық маман дайындалды», - деп атап өтті.