Жерді тиімді пайдалануды ұйымдастыру бойынша жұмыстар Елбасының тапсырмасымен қолға алынған. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Ғарыштық мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі кезде пайдаланылмай жатқан жерге салынатын жер салығын көтеру мәселесі қарастырылуда.
«Бұрын облыстық, ауылдық маслихаттар қолданылмай жатқан жерлерге салықты 10 есеге көтере алған. Бірақ бұл шараны қабылдамаған. Ал салық мөлшері ұлғайтылған аймақтарда бұл өзінің жақсы нәтижесін берді. Көп жердің қожайындары оны өз еркімен қайтып беруде. Бүгінде жер салығын 20 есеге дейін көтеру мүмкіндігін қарастыру бойынша заңға өзгерістер енгізілуде. Бұл - өте күрделі жұмыс», - деді С.Омаров журналистің сұрағына берген жауабында.
Министрдің атап өтуінше, бұрын пайдаланылмай келген жерді қайтарып алу мәселесі екі жыл жұмыс істемегенде көтерілсе, енді бұл мерзімді бір жылға дейін қысқарту мәселесі, сондай-ақ, пайдаланылмайтын жерді сотсыз тартып алу жолдары қарастырылуда.