29.10.2020 _ 15:35

Жол көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болғандардың жартысы – жастар

Әлемде жол апаттарынан жыл сайын 1 млн 350-ге жуық адам қайтыс болады. Яғни күніне жолдарда 3,5 мыңнан астам адам қаза табады. Оның үстіне 25 млн адам жарақаттанады. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов ДДСҰ 2018 жылғы есебінен алынған осындай статистиканы келтіріп өтті.

Сондай-ақ, спикер еліміздегі көрсеткіштерге тоқталды. Соңғы 17 жылда 270 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 49 мың адам қайтыс болса, 300 мыңнан астамы түрлі деңгейде жарақат алған. Өкініштісі, қаза тапқандардың 50 пайызы жастар. Ал олар тірі қалса, елімізге қанша жақсылық жасар еді.

«Азия даму банкінің зерттеулеріне сәйкес, 2013 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан ел экономикасына 9 млрд АҚШ долларына пара-пар залал келтірілген. Ал адам шығынына келетін болсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы есебіндегі мәліметке сәйкес, Қазақстан 175 елдің ішінде жол-көлік оқиғаларында 100 мың тұрғынға шаққанда, қайтыс болу көрсеткіштері бойынша 17,6 өлім рейтингімен 74-інші орында. Салыстырып қарасақ, Ресейде бұл көрсеткіш – 18, Өзбекстанда - 11,5, Беларусьте 8,9 тең. Қауіпсіз елдер рейтингі көрсеткіштерін 5,5 адаммен Еуроодақ бастаса, мейлінше нашар көрсеткіштер Африка мен Латын Америка елдерінде тіркелген. Оларда 100 мың тұрғынға шаққанда шамамен 35 өлімнен келеді», - деп атап өтті Замир Сағынов.