23.07.2021 _ 16:40

А.Ғиният: Ешқандай медициналық қарсы көрсетілімі жоқ адамдар вакцина алуға тиіс

Вакцинациялау бойынша насихат жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі эпидемиологиялық жағдай қиын. Өлім-жітім көрсеткіші артып отыр. Бүгін Covid-19-дан 60-тан аса адам қайтыс болды. Егер адамда ешқандай медициналық қарсы көрсетілім болмаса, ол егілуі керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

«Мейірбикелер болсын, басшылар болсын, вакцнацияға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Егер адамда ешқандай медициналық қайшылық болмаса, ауруы болмаса, ол ұжымына, отбасына қауіп төндірмес үшін екпе салдыруы тиіс. Өзі үшін де, қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына зияны тимеуі керек. Қазіргі кезде ауру ушығып тұр. Өлім-жітім артып отыр. Біз ауруханаға барғанда вакцина салдырмағанына өкініп жатқан науқастарды көреміз. Медицина қызметкерлері, басшылар үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізуде», - деді вице-министр. 


Оның айтуынша, вакцинаны аурудан жазылғанша алмауға болады. Сондай-ақ, вакцина құрамындағы элементтерге гиперсезімталдық, аллергиялық реакциясы болса, екпе салынбайды. Созылмалы аурулары бар адамдар үшін де екпе салу уақытша кейінге қалдырылуда. Бірақ жағдайы жақсарғанда, олар егіледі.