12.10.2021 _ 11:40

КВИ жұқтырғандардың 97% сауығып шықты – елорда әкімінің орынбасары

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов елордадағы эпидемиологиялық ахуалмен таныстырып өтті. Қала әлі де «қызыл аймақта». Пандемия басынан елордада коронавируспен сырқаттанушылықтың 144 161 жағдайы тіркелді, оның ішінде 139 мыңнан астам адам (97%) сауығып шықты.

«Тамыздың аяғында-қыркүйектің басында қала бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарған. Елорда бойынша 990 төсек-орын қуаттылығымен 7 инфекциялық стационар қызмет етеді. Таңғы мәліметке сәйкес 578 адам ковидті стационарларда ем қабылдап жатыр, төсек-орын жүктемесі 58,4%. Жаз айларымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 70%-дан астам еді.», - деді әкім орынбасары.  


Оның айтуынша, Көпбейінді №1 қалалық аурухананы осы аптада инфекциялық ретінде жабылып, аурухана өзінің бастапқы қызметін жалғастыратын болады. Шілде айының басында ол 600 төсек-орындық ковидті аурухана ретінде бейімделген болатын.