12.10.2021 _ 14:20

Дизель отыны литріне 260-270 теңгеден – жеткізушілер келіскен ең төмен баға - Энергетика министрлігі Ресейден дизель отынын импорттау туралы

Қазақстан дизель отынын қандай бағамен сатып алады және ел аумағында оны қандай бағамен сатады? Дүрбелеңді пайдаланып, «шартты түрде арзандатылған» жанармайды қымбатырақ сата ма? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа осындай сұрақтар қойылды.

Спикердің айтуынша, әңгіме «арзандатылған» отын туралы болып отырған жоқ, бұл коммерциялық баға, тіпті жоспарланғаннан сәл жоғары болуы да мүмкін.   

«Біз Ресейден «шартты түрде арзандатылған» отын сатып алмаймыз. Ресей бізге коммерциялық бағамен сатады, ол шекарада шамамен 230 теңгені құрайды. Көлік шығындарын және т.б. ескерсек, ол ЖМҚС-та 260-270 мың теңгеден сатылады, сатылуы мүмкін. Бұл біздің жеткізушілер келісе алған ең төмен баға. Кейбір компаниялар қымбатырақ импорттайды, өйткені Ресей Федерациясындағы нарықтық жағдай да бізге тиімсіз. Brent бағасы көтерілді, ал дизель бағасы Brent бағасына белгілі бір пропорцияда тәуелді және Ресейдегі дизельдің экспорттық бағасы қымбаттады. Жаңа бағалар сәйкесінше көптеу болады деп ойлаймын. Ал ішкі нарықтағы бағалар литріне 208-330 теңге шамасында. Кейбір компаниялар әлі де бұрынғы қорларын сатуда, бір бөлігі нарықта ақша табуға тырысып, жоғары баға белгілеуде», - деп жауап берді ведомство өкілі.  


Бірақ басқа журналистке берген жауабында Мағауов маусымаралық дизель бағасы одан әрі арзандайды деп сендірді.