25.11.2021 _ 12:20

Павлодар облысында ШОБ мемлекеттік бағдарламалар бойынша 60 млрд теңгенің қолдауына ие болды

Павлодар облысының шағын және орта бизнесі пандемиядан кейін сенімді түрде қалпына келуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов хабарлады. Кәсіпорындардың саны 1,5 мыңға, ал, олардың өнімдері 60 млрд теңгеге артты. Бұған ШОБ қолдау бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру өз септігін тигізді.

 
«Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 58,8 млрд теңгені құрайтын 1 524 жоба қолдауға ие болды. Сонымен бірге, біз кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары бойынша екінші деңгейлі банктермен әріптестік орнаттық. Өткен жылы жас кәсіпкерлерге, биыл, бизнестегі әйелдерге арналған кепілсіз несиелеу желісі іске қосылды. Сонымен қатар, Павлодар облысының шағын және орта бизнесі жергілікті Business Ertis бағдарламасының алты бағыты бойынша көмек алады. Кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін атаулы шешуден бастап әлеуметтік жауапты бизнесті қолдауға дейін. Бағдарламаның жеке блогы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған», - деп атап өтті әкім.