25.11.2021 _ 13:40

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты - Маңғыстау облысының әкімі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Өңір әкімі бірінші кезекте эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтті. Жалпы облыс бойынша жағдай бірқалыпты, өңір жасыл аймақта. Өткен тәулікте індет жұқтырған 5 адам анықталды.

«Пандемия басталғалы облыста COVID-19 вирусын жұқтырғандардың жалпы саны 23 360 құраса, қазіргі таңда 22 670 адам емделіп шықты, 1170 адам қайтыс болды. Бүгінгі күні стационарларда 43 адам ем қабылдап жатыр, 5 науқас реанимацияда жатыр. Стационарлар мен реанимация бөлімшелерінде төсек-орындардың толымдылығы сәйкесінше, 15% және 14% құрайды. «Ashyq» мобильдік қосымшасын 3089 объекті пайдалануда, оны енгізу бойынша жұмыстар белсенді жалғасуда. Халық арасында індеттің алдын алу бойынша вакцинациялау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде І компонентпен 46%, II компонентпен – 41% адам егілді. Медициналық ұйымдар жеткілікті дәрілік препараттар және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтылған», - деді облыс басшысы. 


Бұған қосымша барлық қажетті ресурстар жұмылдырылып, күшейтілген режимде жұмыс жалғасуда. Жылжымалы бригадалармен үйден вакцина салдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.