13.05.2022 _ 12:00

Екі жыл ішінде мемлекеттік аудиторлардың 27 қылмысы тіркелді

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөйлеген сөзінде қаржылық бақылау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа жеке тоқталды. Оның айтуынша, соңғы екі жылдың ішінде агенттікте ішкі мемлекеттік аудиттің лауазымды тұлғаларына қатысты 27 қылмыс тіркелген.

«Олар, әдетте, мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындыларын қайта қарау үшін пара алды. Мысалы, ішкі мемлекеттік аудит мамандары шағымдарды өздері ұйымдастырған фактілер анықталды. Одан кейін өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарын көздеп, қайтадан тексерулер жүргізген. Былтыр бір ғана ЖШС-дан осындай 1600 шағым келіп түскен, оның 900 қанағаттандырылған. Ал басқа шын өтініштер іс жүзінде ескерілмеген. Іс тергелуде», - деп атап өтті спикер.