20.05.2022 _ 12:00

Бір көзден сатып алу негіздері қысқартылды. Жұмыс жалғасуда - ҚМ

Ашықтықты, айқындылықты қамтамасыз ету және тең мүмкіндіктер беру бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден сатып алудың үлесі 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейін 64%-дан 39%-ға дейін қысқарды. 2021 жылғы 15 қарашада мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша бір көзден тікелей шарт жасасудың 4 негізін қысқартуды көздейтін Заң қабылданды. ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кенбейілдің айтуынша, сатып алуды бәсекелестік тәсілдермен басым жүзеге асыру туралы талап белгіленген, сондай-ақ тапсырыс берушінің бірінші басшыларының бір көзден сатып алуды жүзеге асырғаны үшін жауапкершілігі көзделген.

«Сондай-ақ, 2022 жылғы 3 қаңтардағы бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі Заңмен бір көзден сатып алудың тағы 2 негізі алынып тасталды және 4 негіз бойынша бір көзден сатып алуды жүзеге асыру жағдайлары қайта қаралды. Шарттарды тікелей жасасудың көрсетілген негіздерін алып тастау бір көзді тағы 50%-ға немесе сатып алудың жалпы көлемінің 20%-на дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бір көзді негізсіз қолдану мақсатында, 2019 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу порталында Заңда көзделмеген жағдайларда бір көзден шарт жасасуға мүмкіндік бермейтін ФЛБ орнатылған», - деді спикер.