23.05.2022 _ 10:10

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы басталғалы 34 автокөлік берілді

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы биыл 16 мамырда іске қосылды. Шарттар Үкімет қаулысымен реттеледі. Басты айырмашылық - бағдарлама операторы болып Өнеркәсіпті дамыту қоры белгіленді, бұрын Қазақстанның даму Банкі болған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева мәлімдеді.

Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы револьверлік механизммен 100 млрд теңгені құрайды, бағдарлама шарттары белгілі және ашық дереккөздерде қолжетімді. Жалпы, бастапқы кезеңде 10 000 автокөлікті жаңарту көзделген. Бұдан әрі револьверлік механизм кезінде, несиені өтеуден түскен қаражат есебінен игеріледі. Бүгінгі таңда өтінімдерді Центр Кредит Банкі, Еуразиялық банк, Халық банкі қабылдайды, сондай-ақ бүгіннен бастап Forte Bank қосылады. 


«Бағдарлама басталғаннан бері 14 507 өтінім қабылданды, 35,7 млрд теңге сомаға 4 834 өтінім мақұлданды. 34 автокөлік берілді (Нұр-Сұлтан 11, Алматы 4, Ақтөбе облысы 3, Алматы облысы 1, БҚО 1, Жамбыл облысы 4, Павлодар облысы 4, Шымкент 6). Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері, азаматтардың өтініштерінің қорытындылары бойынша Екінші деңгейдегі банктерге төлеуге шот ұсыну үшін автомобильдің VIN кодының болуы бойынша талап алынып тасталды. Сондай-ақ КАСКО сақтандыруына қатысты азаматтардан көптеген өтініштер келіп түсуде. Осыған байланысты Қор азаматтарға қаржылық жүктемені төмендету үшін қатысушы банктерге жыл сайынғы негізде сақтандыру туралы шарт жіберді. Сондай-ақ, Қордың ЕДБ мақұлдаған өтініш берушілердің тізімінен алып тастауына және тексеруіне қатысты өтініштер келіп түседі. Айта кетейін, Қор екі жылда бір рет қана автокөлік сатып алу шартымен ғана банктер мақұлдаған өтінімдер тізбесін келіседі. Қорда келісудің басқа түрлері жоқ. Бұған 1 жұмыс күні қажет», - деп атап өтті спикер.