27.07.2022 _ 14:30

Еліміздің медициналық ұйымдарына 2 млрд теңгеге жуық сомаға препараттар жеткізілді - ҚР ДСМ

Амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде коронавирустық инфекциясын жұқтырған пациенттерді 5 препаратпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник мәлімдеді.

Оның айтуынша, дене қызуын төмендететін және антикоагулянттар мөлшері жеткілікті. Еліміздің медициналық ұйымдарына 2 млрд теңгеге жуық сомаға дәрі-дәрмек жеткізілді. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жалпы сомасы 1,2 млрд теңгенің қоры бар.

«Жіті респираторлық аурулардың алғашқы белгілері кезінде учаскелік дәрігерге қаралу, дәрігердің ұсыныстарын орындау, өзін-өзі емдеумен айналыспау және адамдар көп жиналатын орындарға бармау қажет екендігіне азаматтарымыздың назарын тағы да аударғым келеді», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.