24.11.2022 _ 14:30

Қазақстандық оқушылар қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиаданың пилоттық нұсқасына қатыса алады

Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасы бойынша осы жылдың қыркүйек айында Оқу-ағарту министрлігі 5-11 сыныптардың үлгілік оқу жоспарының вариативтік компонентіне «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» және «Қаржылық қауіпсіздік» екі бірліктен тұратын «Жаһандық құзыреттер» курсын енгізді. Халықаралық оқу-әдістемелік орталығының қатысуымен көрнекі материалдармен оқыту әдістемесі жасалды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ҚМА кадр жұмысы департаментінің директоры Нұрлан Адалиев мәлімдеді.

«Сонымен қатар алдын алудың қосымша құралы, Қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиада өткізу болып табылады. Мұндай тәжірибені көптеген елдер қолданады және Қазақстаннан келген студенттер тобы биылғы жылы да Сочи қаласында өткен Қаржылық қауіпсіздік бойынша халықаралық олимпиададан сәтті оралды. Олимпиадаға іріктеуге әлемнің 12 елінен 40 мыңнан астам студент қатысты. Биылғы оқу жылынан бастап еліміздің бірқатар облыстарының оқушылары арасында Қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиаданы пилоттық нұсқада өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Аталған іс-шараны дайындауға халықаралық желілік жоғары оқу орындарының өкілдері, қазақстандық жоғары оқу орындары мен Агенттік өкілдері қосылды. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігіне Олимпиада туралы ереже жіберілді және Қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиаданы ұсынылатын олимпиадалар тізбесіне енгізу туралы мәселе пысықталуда. Оқу-ағарту министрлігінің ғылыми сараптамасы мен келісімінің нәтижелері бойынша 2023 жылы қаржылық сауаттылық бойынша сабақтар өткізу және Қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиаданы ұйымдастыру көлеңкелі экономикамен күреске ықпал ететін қаржылық қылмыстардың ерте алдын алуды дамытудың жаңа векторы болады», - деді спикер.