04.12.2023 _ 14:10

Қазақстан спортшылары эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионатында алғаш рет 2-орынды иеленді – В.Жайлауова

Биыл Әлем чемпионаты аясында 2023 жылғы 23-24 қараша аралығында Төрт құрлық чемпионаты, ал 25-26 - қараша күндері эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем чемпионаты, жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты және IFAGG Trophy 2023 өтті. Әлемдік біріншілік Азия құрлығында алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл туралы Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мәдина Бектұрғанова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында хабарлады.

Жарысты ұйымдастырушылар – Халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясы (IFAGG), Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы. Жарыс Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті.

«Сайыс барысында әлемнің 16 мемлекетінен келген спортшылар өнер көрсетті. Жарыста Австрия, Болгария, Грекия, Италия, Испания, Сербия, Франция, Израиль, Египет, Жапония, Малайзия, АҚШ, Қытай, Корея, Қырғызстан мен Қазақстанның командалары бағын сынап көрді. 50 медаль жиынтығы сарапқа салынды», – деді ол.

Алға қойылған міндеттер сәтті орындалды. Бұл туралы Эстетикалық топтық гимнастика бойынша ҚР бас жаттықтырушысы Венера Жайлауова мәлімдеді.

«Біздің сеньорлар құрамасы командалық есепте қола жүлдегер атанды. Жасөспірімдер санатында жеке есепте Астана қаласының Samruk командасы үшінші орын алды. Ел тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатында жеке есепте Қазақстан екінші орынға ие болып отыр. Қазақстан тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатында жеке есепте Қазақстан екінші орынға ие болды. Спорттың бұл түрі елімізде жақында ғана пайда болғанымен, біз жоғары нәтиже көрсете алдық», – деп атап өтті сарапшы.

Ол елімізді, спортшыларды, жаттықтырушыларды және жеңіске үлкес қосқандардың барлығын әлемдік біріншілікте табысты өнер көрсетулерімен құттықтады. Бұл жарысқа дайындық барысында спортшыларға айтарлықтай қолдау көрсетілді.

«Бір жыл бұрын бізге Халықаралық федерация Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуге рұқсат берді. Осы орайда еліміздің Туризм және спорт министрлігі спортшыларымызды қолдады. Алматы қаласының әкімдігі чемпионатты ұйымдастыруға көмектесті. Жарыс 4 күнге созылды», – деді Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясының вице-президенті Әйгерім Арпабаева.