07.12.2023 _ 14:30

Кәсіпкерлерді қолдау шаралары сәтті жүзеге асып жатыр

Бүгінгі таңда Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны қарқынды өсіп жатыр. Себебі, бизнеске бағытталған қолдау шаралары жетерлік. Шымкентте кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50%-ға жетті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осылай деп мәлімдеді. 

Қалада бизнесті қолдау шараларына сұраныс өте жоғары. Биылдың өзінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 20 млрд теңге бөлініп, есептік кезеңде 16 млрд теңгеге 3 351 жобаға қолдау көрсетілді.

«Қолдау шараларының нәтижесінде соңғы 5 жылда белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны 2 есеге ұлғайып,131 мыңнан асты. Бұл бір жағынан азаматтардың іскерлік мәдениетін көтеруге ынталандырса, екіншіден, қала тұрғындарының 30% -дан астамын жұмыспен қамтып отыр, - деді әкім.

Орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттің тұрақты стратегиясы болып табылады. Ол экономиканың және еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Бұл ретте Мемлекет басшысы әрдайым шағын және орта бизнестің өркендеуіне ерекше ден қойып келеді. Президент бірқатар тапсырма жүктеп, нәтижелі бағдарламаларды бекітті. Соның аясында атқарылған кешенді шаралардың арқасында осындай нәтижелерге қол жеткізілді,- деді өңір әкімі.