13.12.2023 _ 09:20

Жас ғалымдарға арналған тұрғын үй. Бағдарламаны әзірлеген банк басшысы негізгі критерийлер туралы айтып берді

1 желтоқсанда Отбасы банкі Қазақстанның жас ғалымдарына кредит беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдай бастады. Ол академиялық ғылыммен айналысатын жастарға арналған. Қазір жас кадрларға деген тапшылық бар. Бұл жайында Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

Банк саладағы барлық тетікті зерттеп, арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылдады. Үміткерлер тізімінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне құарасты 53 ұйымның жас ғалымдары бар.

«Тоғыз адамның өтініштері мақұлданған. Несиенің ең көп сомасы 20 млн теңгені, қарыз мерзімі 19 жылды құрайды. Бұл жас ғалымдарға өздерінің алғашқы пәтерін сатып алуға және тиісінше Қазақстанда қалып, ғылыми зерттеулерін жалғастыруға мүмкіндік береді. Оның ақысы қолжетімді және несие алушыларға ыңғайлы. Егер ғалым 20 млн теңге сомасын алса, алғашқы сегіз жыл ішінде 155 мың теңге төлейтін болады, ал кейінгі жылдары төлем мөлшері 84 мың теңгеге дейін төмендейді. Осылайша, біз жас ғалымдарды тартамыз және оларды академиялық ғылымымызда қалдырамыз деген үміт бар», – деп атап өтті Л.Ибрагимова.

Айта кетерлігі, жас ғалымдар арасында бағдарламаға деген қызығушылық бар. Әзірге жоба 5 жылға жоспарланған. Ол Отбасы банкінің таза табысынан қаржыландырылатын болады.