09.02.2024 _ 16:20

Оқу-жаттығулар аясындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар

«Көктем-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында ұзындығы 48,2 шақырым қорғаныс бөгендері нығайтылды. 7688 су өткізу құрылыстары мен ұзындығы 3063 шақырым каналдар мен арықтар тазартылды. Сондай-ақ 300 мың тонна инертті материалдар дайындалып,  елдімекендерден 8 млн 400 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жайында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Чингис Аринов ҚР Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

Су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларда азаматтық қорғау бөлімшелері мен қызметтерінен барлығы 14,5 мыңнан астам адам және 4,5 мың техника тартылды.

«Бұдан басқа халықтың әлеуметтік осал топтарына арнайы көмек ретінде бүкіл ел бойынша аулаларды, олардың үйлерінің көшелерін қардан тазарту бойынша акция өткізілді. Басқа өңірлерде аталмыш іс-шараны жалғастыру үшін арнайы челлендж ұйымдастырылды. Барлығы 4600 отбасына көмек көрсетілді. Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін тартылатын барлық қызметтердің күштері мен құралдарының әзірлігі тексерілді. Олардың жалпы саны 39 мың адам, шамамен 11 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу және 3 мыңнан астам су айдау құралдары», – деді жауапты ведомство басшысы.

Бейнеконференция байланыс режиміндегі кеңеске Ресей Федерациясына шекаралас  8 өңір қатысты. Олармен трансшекаралық елді мекендерді су басқан жағдайда жедел ақпарат алмасу және бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар пысықталды. Оқу-жаттығу барысында еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, халықты қауіпсіздік мәдениетіне оқытуға ерекше назар аударылды.