26.06.2024 _ 14:50

Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкілдің жобалық офисі мүгедектігі бар азаматтарға әрдайым көмек көрсетуге дайын

Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкілдің міндеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметін қадағалау, оған қолдау көрсету және мүгедектігі бар азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, оларға жәрдем беру болып табылады. Осыған байланысты уәкілдің жобалық офисі біраз жұмыс атқарды. Бірақ әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан ОКҚ брифингінде хабарлады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктері көп. Мәселен, көзі көрмейтін азаматтарға компьютерлер мен тефлотехника керек. Оларды жеткізу кезінде бірқатар түйіткіл туындайды. Осындай мәселелері бар азаматтар Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкілдің жобалық офисіне хабарласуына болады. Кеңсенің телефон нөмірі: 8-702- 282 – 611-83. 

«Әрбіріміздің құқығымыздың қорғалуы өзімізге байланысты. Әрине, Үкімет әрқашанда бақылауда ұстап отыру керек. Оны ешкім жасырмайды. Бірақ, егер де шалғай ауылдарда құқықтарымыз бұзылып жатса, міндетті түрде хабарласып, оны жеткізу сіздердің міндеттеріңіз деп есептеймін. Үкіметіміздің басқа елдерге қарағанда мүгедектігі бар азаматтарға жасап жатқан қызметтері көп. Ұмытпасам, 5-6 трлн теңгеге әлеуметтік жобалар, қызметтер жасалып жатыр. Ол қалай жасалып жатыр, мүгедектігі бар азамат пен Үкімет арасындағы делдалдардың қалай қызмет көрсетіп жатқаны ол басқа сұрақ», – деді спикер.