27.06.2024 _ 12:10

Заңсыз балық аулаған 694 адам жауапқа тартылды

Биыл 28 наурызда ҚР Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрліктері және Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау акциясын Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының бекіре және басқа да балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды, құжатта табиғат қорғау және құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аян Бахиянов шараның барысы жайлы ОКҚ алаңында баяндады.

Акцияны өткізу кезеңінде Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп табиғат қорғау заңнамасының 945 бұзушылығын анықтап, жолын кесті, нәтижесінде 694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  

«Браконьерлік және сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз қарым-қатынас жасау фактілері бойынша 71 қылмыстық іс қозғалды. Бұзушыларға 19,4 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 11 тонна 308 келі балық, оның ішінде 2 тонна 229,5 кг бекіре тұқымдас балықтар, 8 кг 328 грамм бекіре уылдырығы, 162 бірлік балық аулау құралдары және 44 бірлік су көлігі тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті траулинг нәтижесінде су айдындарынан жалпы ұзындығы 300 км-ден асатын 1416 бірлік заңсыз балық аулау құралдары алынды», – деді спикер.

Акцияны насихаттау мақсатында БАҚ-да 69 мақала және радио мен теледидар арқылы 91 баяндама жарияланды.

Акция барысында Атырау облысының құқық қорғау және табиғат қорғау органдары Исатай, Жылыой және Құрманғазы аудандары, Дамба бағыты, сондай-ақ «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының Каспий шегіндегі Жайық өзенінің акваториялары сияқты криминогендік учаскелерді пысықталды. 

Шараға мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері, ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері, полиция департаментінің, көліктік бақылау инспекциясының және резерваттың қызметкерлері белсенді қатысты.

Бүгінгі таңда Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре -2024» бірлескен кең ауқымды балық қорғау акциясы сәтті аяқталды.

Сонымен қатар барлық өңірде 1 наурыздан бастап балық шаруашылығы комитетінің бұйрығымен бекітілген шектеулер мен тыйымдардың белгіленген орындары мен мерзімдеріне байланысты облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен бірлесіп «уылдырық шашу» балық қорғау акциясын өткізді.

2024 жылғы уылдырық шашу кезеңі басталғаннан бері бақылаудағы су айдындарында балық шаруашылығы комитетінің облысаралық бассейндік инспекциялары әкімшілік құқық бұзушылық туралы 848 хаттама жасады, оның ішінде 134 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 383-бап  бойынша сот органдарына жіберілді.

«Балық аулау ережелерін өрескел бұзуға жол бергені үшін құқық қорғау органдарына қылмыстық іс қозғау үшін 5 жеке тұлғаға қатысты 3 материал жіберілді. Бұзушылардан мемлекет кірісіне 2 784 тонна заңсыз ауланған балық, 286 аулау құралы, сондай-ақ 16 жүзу құралы тәркіленді. 14 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. 4,1 млн теңге сомасына балық ресурстарына келтірілген залал үшін талап қойылды», – деді АШМ өкілі.