Мемлекет басшысының жолдауы шеңберінде Көлік министрлігіне 10 мың шақырымға дейінгі жолдарда орташа жөндеу жүргізу тапсырылды. Қазірдің өзінде қаржыландыру көзін анықтау мәселесі пысықталуда, жұмыстардың құны 750 млрд теңгеден асады.
Елдің транзиттік әлеуетін жақсарту үшін жаңа бағдарламалық құжаттарға сәйкес жаңа жобалар дайындалуда. 2029 жылға дейін жалпы ұзындығы 4 мың шақырымнан асатын 10 ірі жобаны іске асыру жоспарда бар. Жобалау құжаттарын дайындау жүргізілуде, қаржыландыру көздері мен оларды тарту тетігі пысықталуда.
«Автожол жобаларының жүзеге асуына қоғамдық бақылауды күшейту үшін е-joldar бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Мұнда жолдарды, оның арасында қала ішіндегі жолдарды салу және жөндеу туралы барлық ақпарат көрсетілетін болады. Платформа жұмыстарды жоспарлауды, сапаны бақылауды, қаражатты мақсатты пайдалануды қамтиды, жолдардың ұзындығы мен құны, олардың жай-күйі туралы деректер жарияланады. Барлық деректер ашық әрі қолжетімді болады», – деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина.
2025 жылы платформа орташа жөндеу жобалары үшін пилоттық режимде, ал 2026 - жылы толығымен іске қосылады.