05.12.2024 _ 11:40

Биыл Жамбыл облысында құны шамамен 728 млрд теңге болатын өнеркәсіп өнімі шығарылды

Жамбыл облысында жыл басынан қысқамерзімді экономикалық өсім 105% деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,8%-ға, құрылыс жұмыстары 22,6%-ға, тұрғын үй 3,5%-ға, сауда 2,5%-ға, көлік13,6%-ға, байланыс - 8,8%-ға артты. Облыс экономикасындағы негізгі үлес өнеркәсіп өндірісіне тиесілі - 19%, ондағы өңдеу өнеркәсібі секторының үлесі – 65,4%. Жыл басынан бері 727,8 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, химия және құрылыс индустриясы өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің негізгі өсу нүктелері болып табылады. Облыста Қазақстанның жалпы химия саласы өнімінің шамамен 24%-ы өндіріледі. Химия кәсіпорындары республика бойынша 100% фосфор, 81% минералды тыңайтқыштар шығарады.  

«Облыста 13 млрд тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны шоғырланған. Жыл басынан салада 212 млрд теңгеге өнім өндіріліп, облыс бойынша экспорт көлемінің 77%-дан астамын қамтамасыз етті. 2030 жылға қарай тыңайтқыштардың премиум маркалары мен құндылығы жоғары өнімдерді жылына 1 млн тоннаға дейін өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар аясында өңірге 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция тартылады»,-деді өңір басшысы. 

Келесі перспективалық даму бағыты – құрылыс индустриясы. Саладағы өнім көлемі 48 млрд теңгеге жетті. Облыстағы кәсіпорындар республика бойынша 87% гипс және 16% портландцемент өндіреді. Облыста 50 млн тоннадан асатын «Үлкен-Бұрылтау» гипсінің ірі кен орны бар. «KORCEM» клинкер өндіру зауытын іске қосып, алдағы жылы жалпы облыста өндірілетін цемент көлемін 3 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін цемент өндірісін қолға алмақ.  Құрылыс материалдарына сұраныстың өсуіне байланысты келесі жылы «Alit Holding» құрғақ құрылыс қоспалары өндірісін іске қосса, ал «Кнауф Гипс Тараз» гипсокартон шығаратын зауыт құрылысын бастайтын болады. Жобаларды іске асыру өнім ассортиментінің 12 түріне дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 2025 жылы инвестиция тарту есебінен өнеркәсіп өнімі көлемінің 7%-ға, өңдеу өнеркәсібі өнімі - 5,5%-ға өсуін қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібі экспорты көлемін 200 млн АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарлануда. 2028 жылға дейінгі инвестициялық портфель 6,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 80 жобадан тұрады.  Құны - 3,3 трлн теңге. Жыл басынан 150 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылып, 700 жұмыс орны құрылды. 370 млрд теңге инвестиция тартылды. 

«Облыста жүзеге асырылып жатқан жобаларда инновациялық технологиялар қолданылуда. Мысалы, Шатыркөл байыту комбинатында мыс кенін байытудағы ең озық инновациялық технологиялар қолданылуда. «Korcem» кәсіпорны Орта Азияда теңдесі жоқ қалдықсыз цемент өндіру технологиясын енгізді. «Qazaq Soda» жобасында қолдану жоспарланған технологиялар әлемдегі ең экологиялық таза және тиімді технологиялардың бірі болып табылады»,-деді спикер. 

Жасыл энергетика саласында «Total Eren», «Masdar» және «China Power» жалпы қуаты 2,5 ГВт жел электр станцияларының құрылысы бойынша жобаларды жүзеге асыруда. «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында жел генераторлары компоненттерін шығаратын «Sаny Renewable Energy» зауытының құрылысы басталды, жалпы инвестиция көлемі -  54 млрд теңге. Ағымдағы жылы шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Дирекция инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады, оның 8-ін жақын арада іске қосу жоспарда бар. 

«Тараз» индустриялық аймағының аумағында 1300 жұмыс орны құрылатын 137 млрд теңгеге 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Облыс аудандарында «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтарын 180 гектарға құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл субаймақтарда әрбір аудан ерекшелігіне байланысты орта және шағын кәсіпорындар ұйымдастырылатын болады. 

«Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында шағын орта бизнесті қолдау үшін өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен заманауи өндірістік жайлардың құрылысы басталды. Бүгінде кәсіпкерлермен инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жайлардың 30%-ы броньдалған.  

2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 826 млрд тенгені, тікелей шетел инвестициясы 86 млн АҚШ долларын құрап, 144 млрд теңгеге  30 жобаны іске асыру жоспарлануда.