26.12.2024 _ 17:30

Әлеуетті тауар өндірушілердің жауапкершілігі күшейтіледі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мемлекеттік сатып алу саласындағы әкімшілік жауапкершілікті қайта қарауға қатысты түзетулер енгізілді. ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеилдің ОКҚ брифингінде айтуынша, кейде тауар өндірушілер өз міндеттемелерін орындамайтын жағдайлар болады. Сол себепті заңға тиісті өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.

Енді компаниялар сыбайлас жемқорлық әрекетіне жол берсе, мұндай кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Сондай-ақ тапсырыс берушілермен туыстық қарым-қатынасы бар бизнес өкілдері де конкурсқа жіберілмейді.

«Біз бірқатар шектеу енгіздік. Әлеуетті өнім берушілерге қатысты біліктілік талаптары енгізілді. Егер әлеуетті өнім берушілер өз жұмыскерлерінің алдында 3 айдан астам уақытта берешегі болса, ол конкурсқа қатыса алмайды. Себебі, өз жұмыскерлеріне жалақы төлей алмаса, ол қаржылық тұрақтылығы жоқ компания ретінде танылады», – деді вице-министр. 

Сондай-ақ бұған дейін қоса мердігерлікке берілетін жұмыстардың көлемі 50% болса, енді бұл көрсеткіш 30%-ға дейін қысқартылды. Бұл шара қоса мердігерлікке берілетін қызметтер санын азайтуға сеп болады. Ал, мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмысты жеңілдету үшін бірыңғай платформа іске қосылды. Бұл платформада мемлекеттік, квазимемлекеттік және «Самұрық – Қазына» Қорының сатып алулары жүзеге асырылады.