21.02.2025 _ 17:40

Таза Қазақстан: 2024 жылы шамамен 1,6 млн ағаш отырғызылды

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, дүлей қоқыстарды анықтау және жою бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. 2024 жылғы ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес, 2447 елді мекеннің аумағында, бұл 50 шақырым радиусы бар 46 аймақ, 4 886 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталды, олардың 4 423 объектісі немесе 91%-ы жойылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.
Таза Қазақстан: 2024 жылы шамамен 1,6 млн ағаш отырғызылды

Экология вице-министрінің айтуынша, экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін 164 лауазымды тұлға 9 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде 60-тан астам лауазымды тұлға бар. 

«Бұл ретте соңғы жылдары анықталған қоқыс үйінділерінің саны айтарлықтай азайды. Бұл осы құралдың тиімділігін тағы да дәлелдейді. Осыған байланысты Министрлік Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша елді мекендерді қамтуды кеңейту және ғарыштық суреттердің жиілігін арттыру мәселесін пысықтайды», – деді Жомарт Әлиев.

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 2024 жылы 6 млн-нан астам адамның, оның ішінде 229 мың еріктінің қатысуымен аумақтарды жинау және көгалдандыру бойынша жаппай экологиялық акциялар өткізілді. 1 млн тоннадан астам қалдық жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылды. Өткен жылдың шілде айынан бастап халық арасында танымал болып келе жатқан @TazaQazBot ақпараттық платформасы іске қосылды. Платформаға 11 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Спикердің айтуынша, аумақтарды жинау, көшелерді абаттандыру және тұрмыстық қоқыстарды шығару мәселелері ең проблемалы болып қала береді.