13.03.2025 _ 14:50

Былтыр еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға шамамен 2,8 млн адам барған

Биологиялық әртүрлілікті сақтап қалу жөніндегі конвенция аясында Қазақстан Республикасының міндеттемелерін іске асыру мақсатында «Еліміздің био әртүрлілікті сақтау концепциясын» әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Тұжырымдаманың жобасы елдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың алаңын 12,5%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде бұл көрсеткіш 11,3%-ды құрайды. 6 ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда Арал, Жайық орманы, Ертіс жайылмасы табиғи резерваттары, Түкті ұлттық паркі, Мерке өңірлік паркі және Қызылқұм қорығы. Сонымен қатар Үстірт, Қаратау қорықтарының, Ақжайық және Иле Балхаш резерват аумақтарын кеңейту көзделген. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев ОКҚ алаңындағы баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Ұлттық парктердегі экологиялық туризм – бұл қоршаған ортаға минималды әсер ете отырып, табиғи аумақтарды танып-білуге бағытталған жауапты саяхат. Соңғы жылдардағы статистикалық деректер туристер санының біртіндеп өсіп келе жатқанын
көрсетеді.

«Мәселен, 2024 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға шамамен 2,8 млн адам барған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 400 мыңға көп. Қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық парктерде үйлестіру кеңестері құрылды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану бойынша барлық шешімдер аталған үйлестіру кеңестерінің ұсынымдарын ескере отырып қабылданады. Табиғи қорықтар мен ұлттық парктерге кіру үшін төлем жинаудың ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық қаупін азайту мақсатында ұлттық парктердің бақылау-өткізу бекеттерін автоматтандыру бойынша жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі таңда 9 бақылау-өткізу бекеті  автоматтандырылды, сондай-ақ жүйені толық автоматтандыру үшін Ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде», – деді спикер.

Сонымен қатар барлық мемлекеттік ұлттық табиғи парк банк төлем қызметтеріне қосылған, бұл келушілерге онлайн кіру билеттерін сатып алуға мүмкіндік береді. Министрлік табиғатты қорғауды ескере отырып, азаматтарды экологиялық ағарту арқылы инвестиция тарту, және ұлттық парктер аумағында туристер үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмысын жалғастырады.