26.12.2025 _ 15:00

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту және әлеуметтік қызметтерді көрсетудің жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр

Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында Қазақстанның төрт өңірінде «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жасалып, Абай, Қызылорда және Павлодар облыстарын, сондай-ақ Шымкент қаласын қамтиды. Оның аясында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 484 отбасы көмек алды. Балаларға Қор қаражаты есебінен инновациялық әрі қымбат оңалту құралдары берілді. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша балалардың 73%-ында қимыл-қозғалыс функцияларының жақсаруы байқалды, 21 бала өздігінен жүре бастады. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Пилоттық жоба аясында оңалтудың Цифрлық күнделігі тәжірибеге енгізілді. Үй жағдайында оқыту жүргізу үшін оңалту мамандарының сүйемелдеуімен мобильді қосымша орнатылды. Цифрлық күнделік оңалтуды бақылауды және оның тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар спикер 2025 жылдан бастап көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілгенін атап өтті. 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 582 ұйым лицензия алып, олардың қызметтерімен 94 мыңнан астам адам қамтылған. Бұдан бөлек, бүгінде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшуде. Бұл арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтар желісін кеңейтіп, оларды шалғай ауылдық елді мекендерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда орталықтар жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде қызмет көрсетуге байланысты 369 шарт жасасты.

Қызмет көрсету сапасы мен тиімділігін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі – әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін тану тетігін енгізу болды.

«Бүгінде тиісті сертификаттың болуы тиісті орталықтардың қызметін лицензиялау кезінде міндетті шартқа айналды. Осы мақсатта Ұлттық ғылыми орталық базасында Кәсіби біліктілікті тану орталығы ашылды. Кәсіби стандарттарға сәйкес 8 біліктілік бағдарламасы әзірленді. skills.enbek.kz платформасында шамамен 12 мың әлеуметтік қызметкер оқытылып, олардың 2 мыңы әлеуметтік қызметкер біліктілігін тану сертификаттарын алды», – деп атап өтті В. Шегай.

Спикер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің 12 өңірінде заманауи оңалту орталықтарын салу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Әр орталық 150 орынға есептелген. Нәтижесінде 1850 төсек-орын қамтамасыз етіліп, 1440 жаңа жұмыс орны ашылады. Өткен жылы Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында 4 оңалту орталығы пайдалануға берілді. Атырау қаласындағы оңалту орталығы 2026 жылдың басында іске қосылады. Қалған 7 орталық алдағы екі жылда пайдалануға беріледі», – деді вице-министр.

Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында оларды бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір Қолжетімділік интерактивті картасына 43 мыңнан астам нысан тіркелген. Олардың 25 693-і толық бейімделген, бұл картаға енгізілген нысандардың жалпы санының шамамен 60%-ын құрайды.