21.01.2026 _ 15:10

Қазақстан Орталық Азияның барлық көршілес елдерімен трансшекаралық сулар мәселесі бойынша құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады

Қазақстан Республикасының Орталық Азияның көршілес мемлекеттерімен ынтымақтастығы терең тарихи тамырларға және институттық тұрақты негізге ие, ол әлі Кеңес дәуірінде қаланған және тәуелсіздік алғаннан кейін сақталған. Сырдария өзені бассейні бойынша ынтымақтастықтың құқықтық негізі 1992 жылғы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан арасында мемлекетаралық су ресурстарын бірлесіп басқару туралы жасалған Келісім болды. Бұл туралы ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

«Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясы тиімді жұмыс істеп, су қоймаларының жұмыс режимдерін үйлестіру, су пайдалану лимиттерін бекіту және гидрологиялық жағдайдағы өзгерістерге жедел әрекет ету үшін негізгі алаң ретінде қызмет атқарады. Комиссияның жұмысы елдер арасындағы сенімділікті нығайтып, трансшекаралық су ресурстарын пайдалануға қатысты келісілген шешімдер қабылдауды қамтамасыз етеді», – деді Н.Алдамжаров.

Одан бөлек, өткен жылы Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы Келісімге қол қойылды, бұл – келісім 10 жылдық келіссөздердің нәтижесі. 

Осылайша, Қазақстан көршілес мемлекеттердің барлығымен трансшекаралық сулар мәселесі бойынша құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Су дипломатиясы арқасында Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимдері арқасында судың аз болған жылдарға қарамастан Сырдария өзені бойынша Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су келуі қамтамасыз етілді.