02.02.2026 _ 15:00

Балалар мекемелеріне қатысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың ерекше тәртібі енгізілгеннен кейін не өзгереді

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың ерекше тәртібі аясында барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын жеке бизнес нысандары қамтылады. Бұл –балаларға арналған тамақтану, тұру, медициналық көмек көрсету, тәрбиелеу және сауықтыру қызметтерін ұсынатын ұйымдар. Атап айтқанда: балабақшалар, мектептер, медициналық ұйымдар, интернаттар, студенттік жатақханалар, медициналық-санитариялық мекемелер, балалар үйлері. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, ерекше бақылау мен қадағалау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, сондай-ақ объектілерге барып мониторинг жүргізу түрінде жүзеге асырылады. Дөңгелек үстел барысында Комитет төрағасының орынбасары жаңа тетіктің бірқатар артықшылығын атап өтті.

Біріншіден, бақылаушы органдарға мектеп аумағында орналасқан барлық субъектіні бір мезгілде тексеру мүмкіндігі беріледі: асхана, медициналық пункт, спорт залдары. Бұл балалардың мектепте болған кезеңіндегі тамақтану жағдайын, оқу режимін, дене тәрбиесін кешенді түрде бағалауға, сондай-ақ инфекциялық емес аурулардың өсуіне ықпал ететін себептерді анықтауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, тексерулер «күтпеген» форматта, яғни тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар етпей жүргізіледі. Күтпеген тексеру қағидатын енгізу нысанның нақты жағдайын уақытша тәртіпке келтірмес бұрын, шынайы әрі объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, тіркелген күннен бастап үш жыл ішінде шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған тыйым алынып тасталды.

Төртіншіден, жоспардан тыс тексерулер жүргізуге жаңа негіз болады. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарында ерекше бақылаудағы объектілерде санитариялық талаптардың бұзылу белгілері бар екені туралы хабарламалар жарияланған жағдайда тексерулер жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте уақытын және орнын көрсете отырып, фото немесе бейнетіркеумен расталған дәлелдер қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің айтуынша, бұл қоғамдағы теріс пікірді азайтуға мүмкіндік береді, себебі бұған дейін БАҚ-та нақты деректер болғанымен, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің оларға жедел әрекет етуге және жолын кесуге мүмкіндігі болмаған, бұл азаматтардың негізді шағымдарын туындатқан.

Бесіншіден, объектілерге барып жүргізілетін мониторингтің жаңа форматы енгізіледі. Мұндай мониторинг тек Мемлекет басшысы, Президент Әкімшілігі басшысы, Премьер-министр және оның орынбасарлары, сондай-ақ денсаулық сақтау министрінің тапсырмалары негізінде ғана жүргізіледі.

Алтыншыдан, жоспарлы тексеру және мониторинг барысында объектіге алғаш рет барған кезде айыппұл түріндегі әкімшілік шаралар қолданылмайды. Жаза тек анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды орындамаған, яғни қасақана бұзушылықтарға жол берген субъектілерге ғана қолданылады.

«Жетіншіден, бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерге бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылатын лауазымды тұлғаларға қатысты жеке ұсыныс енгізу құқығы бекітілді. Бұл облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатын мектеп директорларының, емханалар мен балабақша басшыларының қаржылық шығындарды талап ететін бұзушылықтар үшін СЭС тарапынан салынатын айыппұлдарға қатысты негізді шағымдарын болдырмауға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Марал Рақымжанова.