05.02.2026 _ 18:20

Елімізде патронаждық бақылаудың қамту ауқымы мен сапасы жақсарды

Қазіргі таңда Қазақстанда отбасылардағы медициналық-әлеуметтік қауіптерді анықтау мақсатында әмбебап прогрессивті патронаж моделі аясында шамамен 4 мың мейіргер жұмыс істейді. БҰҰ Қоры мен ЮНИСЕФ-тің техникалық қолдауымен 36 жаттықтырушы даярланып, 2,5 мың мейіргер оқытылды. Биыл патронаж көмегі әрбір отбасыға қолжетімді болуы үшін ауылдық жерлердегі мейіргерлерді оқыту жоспарда бар. Бұл туралы ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Бүгінде патронаждық есеп цифрландырылып, GPS-навигация және фототіркеу мүмкіндігі енгізілді. Соның нәтижесінде патронаждық бақылаудың қамту ауқымы мен сапасы жақсарып, ведомствоаралық өзара іс-қимыл 36%-ға артты. Үй жағдайында балалар өлімі 22%-ға, ал балаларды стационарларға кеш жатқызу көрсеткіші 5%-ға төмендеді.

Спикердің айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) көрсететін 655 жаңа нысан салынды. Елдің әр өңірінде 15 жетекші облыстық балалар ауруханасын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар заманауи перинаталдық орталықтар желісін салу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта Астана қаласында перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде, ал Шымкент қаласы мен Түркістан облысында перинаталдық орталықтардың жобалау жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар жаңа балалар ауруханаларын салу мәселелері қатар пысықталуда.

«Мектеп медицинасы бүгінде аурулардың алдын алу мен мінез-құлықтық қауіп факторларын басқарудың маңызды құралы болып табылады. Қазір барлық мектеп МСАК ұйымдарына бекітілген, олардың базасында 6,5 мың медициналық пункт жұмыс істейді», — деп толықтырды Мағрипа Ембергенова.