18.03.2026 _ 15:00

Биыл құны 900 млн теңгені құрайтын 8 су қоймасын реконструкциялау бойынша жобалар әзірленбек

Су саласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру және құрылыстарды су тасқыны кезеңіне дайындау шеңберінде Ілек өзеніндегі көлемі 245 млн текше метр болатын Ақтөбе су қоймасын реконструкциялау аяқталды. Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасын және Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасын реконструкциялау аяқталды. Су қоймаларын реконструкциялау бойынша 5 жоба әзірленді. 7 облыста орналасқан 13 су қоймасын реконструкциялау бойынша жобалар әзірлеу жалғасады. Ағымдағы жылы құны 900 млн теңге болатын 8 су қоймасын реконструкциялау бойынша жобалар әзірлеу жоспарланған. ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде осылай деді.

Бұдан бөлек, 2025 жылы Абай облысындағы Шар су қоймасын, Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ Қостанай облысындағы Албарбөгет бөгетін реконструкциялау аяқталды. Сонымен қатар Министрлік пен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде Есіл контрреттегішін салу жоспарланған.

«Өзен арналары арқылы жоғары су шығындарын өткізуге дайындық мақсатында 2025–2027 жылдарға арналған су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерін санациялау жөніндегі Жол картасы әзірленді. Әкімдіктер жүргізген жұмыстардың нәтижесінде алдағы су тасқыны кезеңіне 167 шақырым өзен арналары дайындалды», – деді вице-министр.

Биыл 6 облыста ұзындығы 193 шақырым учаскеде санация жүргізу жоспарланған. Жалпы алғанда су қоймаларының жұмыс режимін реттеу жұмыстары жалғасуда. Барлық шешім гидрологиялық жағдайды, болжамдарды және тасқын суларын қауіпсіз өткізу қажеттілігін ескере отырып қабылданады.