15.05.2026 _ 14:50

«Anti-froud» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 827 киберқылмыс анықталды

Биыл 1 ақпан – 30 сәуір аралығында республика аумағында «Anti-froud» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Нәтижесінде 827 киберқылмыс анықталды, оның 585 қылмыстық ісі бойынша тергеу аяқталды. Алаяқтық жолмен ұрланған ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды. Топтың 5 қылмыстық іске қатыстылығы дәлелденді, келтірілген шығыны - 20 млн теңге. Бұл туралы ҚР IIM Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Оның айтуынша, киберқылмыстарды жасауға қатысы бар барлығы 909 адам анықталды, оның 12-сі  – шетел азаматы. Олардың 88-і қамауға алынды, 600 астам адамға ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданды.

«Заңсыз айналымнан 17 мыңнан астам дана киберқылмысты жасау барысында пайдаланылатын әртүрлі заттар тәркіленді, оның ішінде 5 Сим-бокс, 6,2 мың сим-карта, 358 банктік карта, 54 арнайы техникалық құрал, 13 мың дана контрафактілік өнімдер және 132 бұрын ұрланған ұялы телефон бар. Киберқылмысты жасағаны үшін іздеудегі 5 қылмыскер ұсталды. Қылмыстық мақсатта пайдаланылатын құралдардың заңсыз айналымына қатысты 380 адамның қызметі тоқтатылды, оның 314-і «дроптар», – деді спикер.

61 «активатор»-дың заңсыз қызметінің жолы кесілді, олар сим-карталар мен мессенджерлер аккаунттарын жаппай тіркеуден өткізіп, шет елде орналасқан алаяқтық Колл-орталықтарына сатып отырған. 2 ірі ақша аудару-сервисінің қызметі тоқтатылды, олар 500 млн теңгені шешіп үлгерген.

Сондай-ақ әдейі Қазақстанға келіп алаяқтық инфрақұрылымның жұмыс істеуін қамтамасыз еткен 3 шетел азаматы ұсталды, олар қылмыстық жолмен келген 100 млн теңгеден астам қаражатты елден шығарып отырған. Одан бөлек, көпэпизодты алаяқтық жасаған бірқатар азамат ұсталды, олар түрлі сылтаумен 1 мыңнан аса еліміздің азаматтарын алдаған. Олардың екеуі 600-ден аса қазақстандық азаматтың 916 млн теңге мөлшеріндегі қаражатын иемденген.

Сонымен қатар осы жедел-профилактикалық іс-шара аясында 14-17 жастағы жалған терроризм туралы ақпарат таратқан 4 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, олар республика аумағында ұзақ уақыт бойы жағдайды тұрақсыздандырып келген. Бүгінде олардың Астана, Шымкент, Тараз, Атырау, Ақтау және Алматы облысында орын алған 20-дан астам сваттингтік фактілерге қатысы анықталды. Қылмыстық істерді тергеу жалғасуда және қатаң бақылауда.

Сватинг – бұл қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатын аса ауыр қылмыс, яғни 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік көзделген. Оған 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 5 мың АЕК-ке дейінгі айыппұл төлеу, сондай-ақ қылмыс орын алған жерге шыққан шұғыл қызметтердің шығынын өтеу қарастырылған.