21.09.2026 _ 14:50

Қазақ әндері фестивалінде орындаушылардың туындыны халыққа жеткізе білуі бағаланады

Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі саланы дамыту шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс атқарып келеді. Соның нәтижесінде әзірленген арнайы Жол картасы қабылданды. ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талаповтың ОКҚ алаңында айтуынша, биыл бұл карта аясында 30-ға жуық іс-шара жоспарланған. Оның бірі - қазақ әндері фестивалі.

«Фестиваль кезінде бірқатар ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Бұл фестиваль еліміздің ұлттық музыкасы мен мәдениетін дамытуға тың серпін береді», - деді Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары. 

Баспасөз мәслихатында фестиваль әділ қазылар алқасының төрағасы ҚР Еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, профессор Төлеген Мұхамеджанов та сөз сөйледі. 

«Ән - халықтың жаны, халықтың ажары. Одан елдің мәдениеті қандай деңгейде екенін байқауға болады. Сондықтан қазақ әнінің шетелдік орындаушылардың орындауында тыңдау - керемет ғанибет нәрсе. Кезінде осы идея «Азия дауысы» байқауында басталған еді. Кейін Астана қаласында жалғасын тапты. Бірақ іске асып, нағыз өзінің ерекше орнын алған - Түркістанда өткізілетін байқау», – деді қазылар алқасының төрағасы. 

Жобаның бас продюсері Мейіржан Алиакбаров брифингте бұл фестивальдің өзгелерден ерекшелігіне тоқталып өтті.

«Басқа байқаулардан ерекшелігі - бұл кәсіби вокалды байқау болып есептелмейді. Бұл - қазақ әндері орындаушыларының байқауы. Яғни, берілетін материалдардың басым бөлігі - халық әндері, Қазақстан композиторларының әндері. Бұл жерде диапазонды дауысқа салып, кең көлемде ән шырқаған әнші орын алмайды, бұл жерде қазақ әнін жүрегіне сіңіріп алып, халыққа жеткізген әнші орын алады»,- деді М.Алиакбаров.