21.02.2019 _ 10:15

«Қазақстан Жастары – 2018» Ұлттық баяндамасы жарыққа шықты

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан жастары – 2018» Ұлттық баяндамасының таныстырылымы өткізілді.

Пресс-конференцияға Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев және директор орынбасары Әсем Қайдарова қатысты.

Ұлттық баяндама «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен әлеуметтік зерттеулер, ресми статистикалық мәліметтер, жастардың білім және ғылым, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтылу, кәсіпкерлік және т.б. салаларындағы жағдайын талдау негізінде әзірленген. Сонымен қатар, құжатта жас буынның саяси-қоғамдық үрдістерге қатысу деңгейі мен мемлекеттік жастар саясатының нәтижелілігін арттыру сұрақтары қарастырылған.

«Қазақстан жастары – 2018» Ұлттық баяндамасының мәліметтері жастардың дамуына жағдай жасауға бағытталған тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау мақсатында қолданылады. Баяндама 8 бөлімнен тұрады: жастардың демографиялық сипаттамасы, жастар саясатын іске асырудағы халықаралық тәжірибе, өскелең ұрпақтың денсаулығы және бос уақыты, жастардың өміріндегі білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қоғамдық-саяси үрдістердегі белсенділігі, моральды-адамгершілік және құндылықтық ұстанымдары және жастар ортасындағы қылмыс.

Сонымен қатар, ұлттық баяндамада тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Жастар прогресінің индексіндегі орны туралы жазылған.

Жастар прогресінің индексі – экономикалық көрсеткіштерге қарамастан жастар саясатының тиімділігін, прогресін анықтау мақсатында қолданылатын жастардың өмір сапасын өлшеудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Индекс әлемнің 102 елін толық талдау және 52 ел ішіндегі ішінара талдау (шектеулі қол жетімді деректерге байланысты) негізінде есептеледі.

Қазақстан ТМД елдерінің көпшілігі секілді Индекс рейтингісінде орта есеппен 63 орынды алады. Қазақстанның негізгі басымдылығы – бұл адамның негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру.

«Ұлттық баяндама жастар ортасының шынайы бейнесін сипаттайды. Мемлекет баяндама мәліметтерін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында қолдана алады, дегенмен мүмкіндіктердің нәтижелілігі тек жастардың белсенділігіне байланысты екенін ескеру маңызды», - дейді «Жастар» ҒЗО директоры Т. Қалиев.

Бүгінгі күнде елімізде жастар саясатының инфрақұрылымы қалыптасқан. Аймақтарда жастардың дамуына қолайлы жағдай жасауға және өзін-өзі басқару үрдістерін жандандыруға бағытталған 208 жастар ресурстық орталығы, 936 жастар ұйымы, 105 жастар денсаулық орталығы қызмет көрсетуде.

«Елбасы тапсырмасымен құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2013 жылдан бастап барлық санаттағы жастар арасындағы мәселелерді ерте анықтау мен алдын алу мақсатында жастар арасындағы үрдістерді зерттеумен айналысады. «Қазақстан жастары - 2018» ұлттық баяндамасы мемлекеттік органдарға, жастар саясаты институттарына, білім беру мекемелеріне, жастар ұйымдарына, бұқаралық ақпарат құралдарына, жастар саясатын жүзеге асыру мен жастарды қолдау жұмысы маңызды болып табылатын барлық тұлғаларға арналған», - деп атап өтті А. Оралов.

«Жастар» ҒЗО баспасөз қызметі тел.: +7 7172 24 95 29, +7 747 674 48 36 a.tileukulova@eljastary.kz a.syzdykova@eljastary.kz