Кентау қаласында министр жергілікті трансформатор зауытында болды. Кәсіпорын электр қозғалтқыштарын, генераторлар және трансформаторлар шығарады. Жылдық жобалық қуаты 20 000 дана өнім. Оның 70 пайызы ішкі нарыққа бағытталған, 30 пайызы Орталық Азия елдеріне экспортталады.
Зауыт 900-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания иесі колледж, сонымен қатар зауыт жанынан оқу орталығын ашты. Онда 500 болашақ инженерлер білім алып, өндірістік тағылымдамадан өтеді. Компания өкілдері жас кадрларды оқытуға жұмсалған шығындардың жартысын өтеу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды сұрайды.
Ә.Қуантыров бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралатынына сендірді.
Сонымен қатар, ҰЭМ басшысы осыдан 90 жыл бұрын салынған Кентаудағы №5 жылу электр орталығында болды. Мұнда ол еңбек жағдайымен танысып, кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесті. «Кентау Сервис» МКК-ның 14 мың тұтынушысы бар. ЖЭО 346 көпқабатты үйді, 2295 жеке сектордағы үйді, 108 мемлекеттік мекемені және 440-тан астам коммерциялық нысанды жылумен қамтамасыз етеді. 2014 жылы қазандықтар мен жылу жүйелері жөндеуден өткізілді. Жаңғыртудың кезекті кезеңінде газбен жылыту жүйесіне біртіндеп көшу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда магистральдық жылу желілерін қайта құру үшін 4,6 млрд теңге қажет. Ағымдағы жылға республикалық бюджеттен қаржыландыру қажеттілігі 4,1 млрд теңгені құрайды.
Сондай-ақ, министр «Түркістан» индустриалды аймағының жұмысымен танысты. Аумағы 190 гектарды құрайтын нысанда 13 млрд теңгеге 28 жоба орналасқан. Оның аумағында тағы сегіз отандық және шетелдік инвестор жұмыс істеуге мүдделі. Инвестиция ағынының жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрайды.
Одан әрі ҰЭМ басшысы Сауран ауданы, Оранғай ауылындағы «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының құрылыс алаңында болды. Жоба 17,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Нысанның ауданы 365 гектарды құрайды. Жобаны жүзеге асыру үшін инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру қажет. Атап айтқанда, ішкі жол, темір жол, өрт сөндіру бекеті, газдандыру, электр қуаты және т.б. салуға республикалық бюджеттен 11,5 млрд теңге қажет. Ағымдағы жылдың соңына дейін жобаны толық аяқтау жоспарланып отыр.