Қонаев қаласының дамуы бойынша бас жоспар және алдағы бес жылға арналған кешенді жоспар әзірленіп, мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтуде, дейді әкім. Қала халқының саны бір жыл ішінде он мыңға өскен. Көшіп келген сәттен бастап-ақ қаланың тіршілік инфрақұрылымы мен объектілерін жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Мәселен, өткен жылы 35 шақырым инженерлік және жол инфрақұрылым желілері жөнделіп, 65 қалалық нысан абаттандырылды. 900 орындық мектептің, жеке инвесторлар есебінен көппәтерлі 43 үйдің құрылысы жүргізілуде. МЖӘ тетігімен сорғы станцияларын қайта жөндеу жүзеге асырылуда.
Белгілі урбанистер қалалық жағажайды жайластыру жұмыстарын қолға алды.
«Сонымен қатар кешенді жоспар аясында әкімшілік ғимараттар, көп қабатты тұрғын үйлер, кардиологиялық орталық, дарынды балаларға арналған мектептер, колледждер, драма театры, конгресс холл, стадион, спорт кешендері сияқты ірі нысандар салу көзделген», – деді М. Сұлтанғазиев.
Осы ретте әкім Президент тапсырмасына сәйкес, ЖОО-лар мен колледждер шоғырланған академиялық қалашық жастарды тартуға және халықаралық деңгейдегі білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге септігін тигізетінін айтты. Нәтижесінде, Қонаев қаласы дамыған іскерлік, қаржылық, ғылыми және туризм, жалпы спорт бойынша жастар нүктесіне айналады.
«Болашақта G4 City Қонаев қаласын қоса алғанда, агломерация ауқымы 100 шақырымға дейін кеңейіп, 4 млн халықты қамтитын болады. Биылғы маңызды оқиға – ол G4 City аумағында 30 мың га еліміздегі ең ірі арнайы экономикалық аймақтың құрылуы. Жобаны толық іске асырған жағдайда 3,7 трлн теңге инвестиция тартылып, 3,2 трлн салық түсімдері түсіп, 34 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде», – деп түйіндеді облыс басшысы.