18.01.2024 _ 13:55

ШҚО-да ұлттық салт-дәстүр мен бүркітшілікті насихаттайтын орталық ашылмақ

Ұлан ауданында туризм мен мәдениетті дамыту мақсатында ұлттық құндылықтарды насихаттап, келуші туристерді бүркітшілікке баулитын ерекше орталық ашу жоспарлануда, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі.

Бұл жайлы ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың белгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы және ата-анасымен кездесуі барысында белгілі болды. Бүркітші қыздың әкесі Нұрғайып Ырысұлы құсбегілік және оның ерекшеліктері жайлы кітап шығармақ.

– Бозанбай ауылындағы жер мен климат бүркітшілікті дамытуға қолайлы орын. Сіздің тәжірибеңіз біз үшін өте құнды. Сондықтан осы құсбегілік жайлы кітап, әдістемелік нұсқаулық жасаған жөн. Оның үстіне жоспарлап отырған жаңа орталықта ұлттық тағамдарды шетелдіктерге арнайы мәзірмен әзірлейтін мейрамхана да жұмыс жасауы қажет. Жалпы алғанда Бозанбай жері шетелдік туристерді тартатын аймаққа айналады деп сенемін, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Ал аты әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан жаңа орталықтың бренд-амбассадор маманына айналып, келушілермен өз тәжірибесімен бөліспек.