23.02.2024 _ 10:57

Алматы облысында су электр станциясы пайдалануға берілді

Алматы облысының Райымбек ауданында «Орта Қақпақ» су электр станциясы пайдалануға берілді. Оның номиналдық қуаттылығы 2,2 МВт. Құрылысы 2021 жылы басталған жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңге, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

«Орта Қақпақ» су электр станциясы жылына 13 млн КВт электр қуатын өндіреді. Мұндағы су құбырының ұзындығы 4 шақырым. «Қайнар» қосалқы станциясына ұзындығы 12 шақырым болатын 10 КилоВольттық желі тартылған. Өндірілген қуат көзі сол арқылы таратушы компанияға жеткізіліп, одан ары тұтынушыларға беріледі.

Жобаны жүзеге асыру барысында 45 адам жұмыспен қамтамасыз етілсе, енді автоматты түрде басқарылатын заманауи су электр станциясында 4 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейтін болады.

Су электр станциясының құрылысы «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылды.