14.05.2024 _ 09:28

2025 жылға қарай Шығыс Қазақстанның барлық тұрғындары таза ауыз сумен қамтылмақ

Мемлекет басшысы 2021 жылы өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында алдағы 5 жыл ішінде халықтың 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді жүктеген болатын. Сол кезеңде Шығыс Қазақстанда тұрғындардың 97%-ы сумен қамтылған еді (722,7 мың адамның 682,2 мың адамы). Ауыртпалық негізінен ауыл тұрғындарына түсті. Себебі облыстағы 356 елді мекеннің 274-і немесе 77% ғана сумен қамтамасыз етілді: 205 ауылға су құбыры тартылды, 69-ына блокты-модульдік су тазарту станциялары орнатылды. Үш жылдың ішінде 68 ауыл сумен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, бүгінде Шығыс Қазақстан халқының 99% таза ауыз сумен қамтылған. Бұл облыстағы 727,1 мың тұрғынның 719,6 мың адамы. Қалаларда халық таза ауыз сумен 99,9%, ауылдарда 97,2% қамтамасыз етілген.

Десек те, 19 елді мекендегі 7500 тұрғын таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Оның 587-сі қала тұрғындары, ал 6913 адам сумен қамтамасыз етілмеген 14 ауыл және су құбыры желілерін қайта жаңғыртуды қажет ететін үш елді мекенде тұрады.

2024-2025 жылдары халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін облыста жалпы сомасы 17 468,9 млн теңгеге 16 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 3 жоба Өскемен мен Шемонаихада, 13 жоба ауылдық жерлерде жүзеге асырылады.

Биыл 8 жобаны аяқтау жоспарланған. Ауылды жерлерде іске асырылып жатқан үш жоба облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге қосымша қаржыландыруды қажет етіп отыр. Атап айтқанда, Глубокое ауданының Малубинка ауылы, Алтай ауданындағы Малеевск ауылы және Шемонаиха ауданының Убинка ауылы.

Ағымдағы жылдың соңына дейін облыс тұрғындарының 99,4 пайызы сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізбек.

Облыстың 4060 тұрғынын сумен қамтамасыз етуге бағытталған 2025 жылы аяқталатын 8 жобаның қатарына: 448 адамды қамтитын Өскемен қаласындағы Комсомольский ауылын қалпына келтіру, жалпы саны 386 адамды қамтитын Үлкен-Нарын және Катон-Қарағай ауылдарын қайта құру, Ұлан ауданы Отрадное ауылындағы (308 адам), Шемонаиха ауданының Березовка (282 адам) және Большая речка (381 адам) ауылдарындағы құрылыс жұмыстары кіріп отыр.

Сондай-ақ, Ұлан ауданының Асубұлақ (1633 адам) және Бозанбай (613 адам) ауылдарын қайта құру бойынша тиісті құжаттар әзірленіп жатыр.

Жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуді ағымдағы жылдың маусым айына дейін аяқтау жоспарларынып отыр. Осыдан кейін республикалық бюджетке өтініш жіберілетін болады.

Жұмыс жүйелі жүргізілуде. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, тиісті аудит жүргізіп, жалпы жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті елді мекендердегі ауыз судың белгіленген нормаларға сәйкестігіне талдау жасайтын болады.

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалу барысы туралы толық ақпарат тұрғындарға қолжетімді болу үшін облыс әкімдігінің сайтында жарияланады.

Сондай-ақ, облыс басшысы қалалар мен аудандарға жұмыс сапары аясында сумен жабдықтау және тазарту нысандарын өзі аралауды көздеп отырғанын атап өтті.