16.10.2024 _ 10:50

Қарағанды облысында рекордтық көлемде астық жиналды

Қарағанды облысында биыл 1 млн 300 мың тонна астық жиналды. Бұл өңір үшін жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды облыс әкімдігі.

Өнімділіктік осыншама жоғары болуының негізгі факторларының бірі мемлекетті қолдау, ауыл шаруашылығы техникасын уақытылы дайындау, жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану, агротехнологияларды сақтау және отынмен қамтамасыз ету болды. 

9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің өндірісі ұлғайды. Нақты көлем индексі 116,7 % құрады. Астық өнімі бойынша ең жоғары көрсеткішке Абай, Бұқар Жырау, Нұра және Осакаров аудандарының шаруашылықтары қол жеткізді. Гектарына 15 центнерден өнім жиналды.

Сонымен қатар, биыл картоп бойынша да өнім жоғары болды – 11,3 мың гектардан 299 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Бұл аймақтың ішкі қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етеді. Нұра, Шет және Осакаров аудандарының шаруашылықтары көш бастап тұр.

Сондай-ақ, өнімділігі 7 ц/га болатын 23,4 мың тонна майлы дақылдар жиналды.

Жергілікті қоймалар бүкіл егінді сақтауға дайын.