22.11.2024 _ 15:20

Жыл соңына дейін Шымкентте 286 шақырым жолдың құрылысы аяқталады

Шымкент мегаполис болғалы көлік саны жыл сайын артып келеді. Ресми түрде тіркелген көліктер саны 460 мыңнан асты. Одан бөлек, облыс аумағынан күн сайын 100 мыңға жуық көлік қатынайды. Бұл қаланың жол инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіруде. Мәселені шешу мақсатында биыл бюджеттен бөлінген қаражат көлемін 13,2 млрд теңгеге ұлғайтылып, 60 млрд теңгеге жеткізілді.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, бірінші кезекте қаланың транзиттік өткізу қабілетін арттыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құруға, Оңтүстік айналма жолдарының құрылыстарына басымдық берілді.  

«Бүгінде 16 шақырым болатын Оңтүстік айналма жолы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін А-2 айналма жолының 3,7 шақырымын толығымен аяқтап, 15,4 шақырымына асфальт төселіп, көліктердің жүруіне жағдай жасалады. Жалпы жоспар бойынша құрылысы басталған 384 шақырым жолдың, биыл 286 шақырымы пайдалануға беріледі.  Жыл соңында жақсы жолдардың үлесі 71%-дан 75%-ға артатын болады. Өкінішке орай, ауыр жүк көліктері жолдарға жүктеме түсіріп, жолдың тез бұзылуына әсер етіп отыр. Сондықтан бірінші кезекте қалаға кіретін 3 негізгі  бағыттағы көшелерге рұқсат етілген салмақтан артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылады. Осындай жүйелер келешекте қалған бағыттарға да орнатылатын болады», – деді шаһар басшысы.  

Биыл алғаш рет барлық көше желісіне ревизия жүргізіліп, цифрлық паспортизациядан өткізілді. Нәтижесінде, көшелер саны 4199-дан 6714-ке дейін, ал ұзындығы 3248 шақырымнан 3899 шақырымға дейін ұлғайды. Одан бөлек, көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 238 бағдаршам интеллектуалды көлік жүйесіне қосылуда. Сонымен қатар көп жылдан бері өзекті болып келген Шымсити, Тұран шағын аудандарының көше қиылыстарына 38 бағдаршам орнатылады. 

Қала халқына қолайлы жағдай жасау үшін әкімдік қоғамдық көлік жүйесінің қызметін одан әрі дамытып келеді. Негізгі міндет – қызмет сапасын арттырып, қала тұрғындарының күнделікті өмірін жақсарту. Осы ретте, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеріліп, биылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтардың санатына 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мектеп оқушыларын енгізілді.  

«Тасымалдаушы компанияларға автобустардың аялдамаға тоқтамауы және тыс жерлерден жолаушыларды отырғызу, түсіру, кешігу фактілері бойынша жауапкершілігі күшейтіліп, салынатын айыппұл көлемін 2 есеге ұлғайттық. Қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылап, кестеден ауытқуды автоматты түрде айқындайтын жүйе енгізілді. Нәтижесінде, жыл басынан анықталған фактілерге сәйкес, 585,5 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді. Ашықтықты қамтамасыз етіп, көлеңкелі ақша айналымын заңдастыру мақсатында қоғамдық көліктердегі қолма-қол ақша төлемін толығымен алып тастап, тек электронды төлем жүргізу бойынша шешім қабылданды», – деді спикер. 

Сонымен қатар қазіргі электрондық төлем жүйесінде кемшіліктер орын алуына байланысты қолданыстағы келісім шарт бұзылды. Осы салада басқа елдер мен өңірлердің тәжірибесін зерттей келе, сәтті жүзеге асырылып жатқан жаңа жүйе енгізілді. Бұл жүйемен еліміздің 18 қаласы жұмыс жасап келеді. Бүгінгі таңда тасымалдаушы компаниялар тарапынан 19 автобус жаңартылып, қосымша 200 автобус алу міндеттемесі қабылданды. Одан бөлек, 900-ге жуық жаңа аялдама павильонын орнату жұмыстары жүріп жатыр. 

Қалада жеке инвестор есебінен теміржол вокзалы қайта жаңартылып, пайдалануға тапсырылды. Онда жолаушыларға барлық ыңғайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар жаңа әуежай терминалын жылдың соңына дейін іске қосылады. Бұл әуе көлігі жолаушыларын өткізу қабілетін он есеге арттырады.