03.12.2024 _ 16:40

Атырау облысында көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккендер тұрғын үймен қамтылды

Атырау облысы – биылғы көктемде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің бірі. Жайық өзені деңгейінен көтеріліп, елді мекендерге су басу қаупі төнді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен, тұрғындар, кәсіпорындар мен бизнес өкілдерінің көмегінің арқасында үлкен жұмыс атқарылды. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ОКҚ брифингінде осылай деді.

Оның мәлімдеуінше, Атырау облысында судан зардап шеккен 2662 адам өтемақы алды. Шағын және орта бизнестен түскен өтініш саны – 369. Оларға 4,5 млрд теңге төленді. Ал ауыл шаруашылығы бойынша түскен өтініш саны – 112. Шаруаларға 1,1 млрд теңге бөлінді.  

«Зардап шеккендерді тұрғын үймен қамту үшін жалпы өңірде 104 үй салынды. Жалпы Атырау облысында тасқын салдарынан бүлінген жолдың ұзындығы 27,9 шақырым. Қазіргі уақытта жолдың 25 шақырымы қалыпқа келтіріліп, асфальт төселді. 3 көпір жөндеуден өтті. Атырауда жалпы тасқынның алдын алу үшін Жайық жағалауына 590 шақырым бөгет салынды. 30 шақырым канал тазартылып, қазылды. Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасында судың өтуін жақсарту үшін 10 шақырым тереңдетілді. 4 мыңға жуық техника жұмылдырылып, 25 мыңнан аса азамат еңбек етті», – деді облыс басшысы. 

Айта кетерлігі, Атырау өңірінде тасқынның алдын алу мақсатындағы жұмыс жоспары бекітілді. Жаңа жылдан бастап облыстық штаб жұмысқа қайта кіріседі.