20.12.2024 _ 15:50

Елордадағы жеке меншік үйлердің тең жартысы газбен қамтылған

Астанадағы ЖЭО-3-тің бірінші кезегі мен «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларын іске қосу арқылы жылу қуаты 30%-ға артты. Бұл қаланың қазіргі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, сыртқы ауа температурасы орташа минус 10-15°C болған жағдайда, жылу генерациясының профициті сағатына 1200 Гигакалорийді құрайды. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ОКҚ алаңындағы баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Оның хабарлауынша, қазір «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы жалғасуда, ал келесі жылы «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясының құрылысы басталады. Бұл 2035 жылға дейін қаланы жеткілікті жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жеке меншік үйлердің 50%-ы газбен қамтамасыз етілген.  

«Биыл 1500-ден астам үй газдандырылды, оның ішінде Үркер тұрғын алабы бар. Келесі жылы «Өндіріс», «Garden Village» және «Шұбар» тұрғын алаптарын газдандыру жобаларын іске асыру басталады. ТЭЦ-тердің газға көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 газға көшірілді. Жаңадан іске қосылған ЖЭО-3 толығымен газда жұмыс істейді», – деді спикер. 

Шаһар басшысы елордаданы сумен қамту мәселесіне де тоқталды. Әкім үшінші сорғы-сүзгі станциясының іске қосылуы және Астана су қоймасынан екінші су құбыры желісінің құрылысы аяқталуының арқасында тәуліктік қуат қоры тәулігіне 70-80 мың текше метрді құрайтынын айтты.  

«Келесі жылы Нұра жерасты су көзінен су құбырының құрылысын және «Тельман» сорғы станциясын кеңейтуді бастаймыз. Ұзақ мерзімді шаралар аясында Сәтбаев атындағы каналдан жаңа су құбыры жобалануда. Осы жобаларды іске асыру қаланы 2035 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су бұру мәселесін шешу үшін көктемде тәулігіне 188 мың м³ қуаттылығы бар екінші кәріз-тазарту құрылғыларының құрылысын бастаймыз. Сонымен қатар сенімді су бұруды қамтамасыз ету мақсатында қаланың ескі бөлігіндегі «Көктал», «Өндіріс» тұрғын аудандарында және Индустриялық парк аудандарда қосымша жалпы қуаттылығы шамамен тәулігіне 85 мың текше метр болатын үш жергілікті тазарту құрылғыларының жобалары әзірленуде. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарлануда», – деді Ж.Қасымбек. 

2019 жылы қалада 245 проблемалы су басу учаскелері болды. Қазір нөсерлі кәріз жүйелерін салу және қолданыстағы тазарту құрылғылары мен коллекторларды тазартып, қайта жаңғырту арқылы қазіргі таңда тек 4 учаскенің мәселесін шешу қалды. Өткен маусымдағы ең проблемалы учаскелер Тұран даңғылы мен Триумф аркасының ауданы болды. Мұнда қысымды және ағынды коллекторларды кеңейту жұмыстарын жүргізіліп жатыр, ал келесі жылы жаңа тазарту құрылғыларының құрылысы басталады. Көктемде үлкен су басулар болмауға тиіс.