Оның хабарлауынша, Әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі көпірдің құрылысы аяқталды. Бұл Мәңгілік Ел даңғылындағы жүктемені азайтып, азаматтардың оң және сол жағалау арасындағы қозғалысын жеңілдетті.
«Астанадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қаланы зияткерлік бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтуға бағытталған «Smart City» жобасы іске асырылуда. Жоба жол қозғалыс ережелер бұзушылықтарын талдау және ситуациялық талдау үшін жасанды интеллектіні пайдалана отырып, қалалық инфрақұрылымды кешенді басқару мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған 22 мың камера мен 1200 жылдамдық өлшегішті орнатуды көздейді. Келесі жылдың басында жобаны іске асыруды бастаймыз», – деді шаһар басшысы.
ЛРТ құрылысы бойынша жұмыстар айтарлықтай жеделдетілді. Эстакада бөлігінің құрылысы аяқталып, келесі жылы жаздың ортасына дейін станциялардың құрылысы аяқталады. Күзде пойыздар келеді деген жоспар бар. 2026 жылдың басында LRТ жұмысын бастайды.
«Соңғы екі жылда автобус паркі 706 жаңа автобуспен толықтырылды. Осылайша, қала автопаркін 45%-ға жаңарттық. 2025 жылы қоғамдық көлік паркін тағы 300 бірлікке ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. 170 қоғамдық және аула кеңістіктерін абаттандыру жұмыстары аяқталды. Ұлытау аллеясы, Мәңгілік Ел, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары, Қазақ елі алаңы, Мыңжылдық аллеясының бір бөлігі, Жүргенов аллеясындағы сквер, ескі вокзал аумағы мен оған іргелес Гете және Біржан сал көшелері, Жастар саябағы, сондай-ақ «Керуен» және «Хан Шатыр» сауда орталықтарының жанындағы скверлер абаттандырылып, көгалдандырылды», – деді спикер.
Сонымен қатар Ақбұлақ жағалауы, Президент саябағы және Бейбітшілік пен келісім саябағы кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақтар кластері абаттандырылуда. Сондай-ақ Жағалау шағын ауданында 18 га аумақ кешенді абаттандырылды.
Көгалдандыру және абаттандыру шараларымен қаланың барлық аудандары қамтылуда. Биыл қала мен «жасыл белдеу» аумағында шамамен 1 млн жасыл желек отырғызылды. Олардың ішінде жергілікті климатқа бейімделген еуропалық ағаш түрлері де бар. Қаланы көгалдандыру Жарғысы қабылданды. Енді бірде-бір құрылыс салушы дендропланды іске асырмай және өз нысаны айналасындағы жасыл желектерді үш жыл бойы күтіп-баптау бойынша міндеттерді өзіне алмай, объектіні тапсыра алмайды.