04.08.2025 _ 15:03

Атырауда құйма бөлшектер шығаратын зауыт құрылысы басталды: 500-ден астам жұмыс орны және 96% деңгейіндегі жергіліктендіру

Атырау қаласындағы оңтүстік өндірістік аймақта индустриялық кластерді дамыту бағытындағы жаңа стратегиялық нысан — Texol Steel Technology болашақ құйма зауытының іргесіне капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің сайты.

Жоба Атырау қаласында ірі индустриялық кластер құру шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл кластердің орталығы — Атырау вагон құрастыру зауыты. Жаңа зауытта теміржол вагондарына арналған болат құйма бөлшектер шығарылмақ. Жоба бұған дейін шетелден жеткізіліп келген құрамдас бөлшектерді отандық өнімдермен алмастыруға мүмкіндік береді. Негізгі шикізат — металл сынықтары және ферроқорытпалармен қазақстандық жеткізушілер қамтымақ. Кәсіпорын 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланған.

-Құйма бөлшектер шығаратын зауыт құрылысының басталуы — Атырауда индустриялық кластерді дамытудағы маңызды қадам. Бұл зауыт вагонға қажетті бөлшектер өндірісін 96% көлемінде жергіліктендіруге, 500-ден астам адамды жұмыспен қамтуға, өңірде өңдеу өнеркәсібін дамыта түсуге мүмкіндік береді. Бұл жоба — Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асырудағы нақтылықтың көрінісі, - деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.