Жалпы, Алматы облысы өзін аграрлық-индустриалды аймақ ретінде айқындайды. Мәселен, облыстың ЖӨӨ-нің үштен бірін өнеркәсіп өнімі құрайды. Өңделген өнімдер экспорты 20%-ға өсіп, шамамен 600 млн АҚШ долларын құраған. Экономика тиімділігінің негізгі факторы болып табылатын ШОБ субъектілерінің саны 128 мыңнан асты, яғни өсім 1,4 есе, ЖӨӨ-нің 42%-ын құрайды.
Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 8,3 млрд теңге көзделген. Бүгінгі күнге 133 ауылдық округтен 3,5 мыңнан астам өтінім қабылданып, қарастырылып жатыр.
«Жалпы агроөнеркәсіп саласында құс бастарының саны мен құс етін өндіруде облыс көш бастап тұр. Ал қой мен ешкі саны, жүгері, көкөніс, жеміс-жидек дақылдары, картоп өсіруден республикада алғашқы үштікке кіреді. АӨК қолдауға биыл 34 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның ішінде 29 млрд теңгесі – субидия», – деді М. Сұлтанғазиев.
Облыста пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылдан бері 400 мың га жуық жер анықталып, оның 157 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар меншік иелерінің өз еркімен қайтарған және мемлекеттік қордың 490 мың гектары жайылымға берілген.
«Суару жерлерін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Облыс бойынша суару жерлерінің ұзындығы 9,5 шақырым және онда шамамен 40% суды жоғалтып отырмыз. Облыстың бес ауданы мен Қонаев қаласында су арналарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде айналымнан шыққан 57 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі», – деді облыс басшысы.
Бұдан басқа, Алматы облысының асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту өңірлік бағдарламасы іске асырылуда. Жергілікті бюджеттен 6 млрд теңге қаржы бөлініп, 820 бас ірі қара және 4 мыңнан астам асыл тұқымды ұсақ мал сатып алынды.