24.09.2021 _ 12:10

Азық-түлік қауіпсіздігі және АӨК. СҚО-да сүт өндірісін кеңейту әлеуеті әзірленді

Халықты жоғары сапалы, экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінде тарихи локомотивтердің бірі болған Солтүстік Қазақстан облысы бүгінде үлкен мүмкіндіктер мен әлеуетке, тұрақты өсу үрдісіне ие. Облыстың өсімдік шаруашылығында ғана емес, мал шаруашылығын дамытуда да болашағы зор. Бұл тұжырымның негізі неде? Оны Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов түсіндіріп өтті.


Өңірде 7,3 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар, оның 5 млн гектары егістік жерлер, қалғаны жайылымдар. Облыс елімізге дәнді дақылдар көлемінің төрттен бір, майлы дақылдар көлемінің үштен бір бөлігін, жұмыртқаның 11% - ын, сүттің 10% - ын, еттің 5% - ын береді. Өсу әлеуеті әлі де бар. 


«Облыста сүт өндірісін кеңейту үшін әлеует әзірленді. Бүгінде сүт өндірумен айналысатын 100-ден астам шаруашылық жұмыс істейді, оның ішінде 21-і заманауи сүт кешені, оның 12-сі соңғы үш жылда салынған. Бұған мемлекет басшысы мен ел үкіметінің қолдауымен қабылданған Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың Кешенді жоспары айтарлықтай ықпал етуде.  Өнімділігі жоғары, заманауи цифрлық сүт фермаларына баса назар аударылды. Кешенді жоспар аясында 2025 жылға дейін тағы 52 ферма салу жоспарланған. Біз алдымызға 1 млн тонна сүтке дейін жеткізу мақсатын қойып отырмыз. Салынып жатқан сүт кешендерінде бүкіл әлемге танымал Westfalia, De Laval фирмаларының заманауи сауу жабдықтары орнатылады, олар еңбек шығындары мен құнын, сүт тасымалдау мен оны сақтауға дайындықты қысқартуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, шетелдік мал жеткізушілерімен ынтымақтастық, сондай-ақ мал ұстаудың қазіргі заманғы озық технологияларын енгізумен тұрақты байланыстарымыз бар. Пандемияға қарамастан, қалыптасқан байланыстардың арқасында біз импорттық мал әкелеміз. Ағымдағы жылы облыс шаруашылықтары Еуропа елдері мен жақын шетелден сүт және ет бағытындағы 10 мыңға жуық бас әкелуді жоспарлап отыр, жыл басынан бері 3 мыңнан астам асыл тұқымды ІҚМ басы жеткізілді. Әкелінетін малдың жоғары генетикалық әлеуеті бар, біздің жағдайымызға бейімделген және жоғары өнімді болып табылады», - деп хабарлады спикер. 


Оның айтуынша, осының барлығы мультипликативті әсер береді, соның бірі - халықты жұмыспен қамту. 


«Әрине, бұл үлкен жұмысты атқару мемлекет тарапынан қолдау болмаса мүмкін болмас еді. Бірінші кезекте, бұл асыл тұқымды төл сатып алуға берілетін субсидиялар мен преференциялар, сүт-тауар фермаларын салуға және кеңейтуге, жемшөп құнын арзандатуға арналған инвестсубсидиялар. Қаржы институттары тарапынан үлкен қолдау бар. 2018 жылдан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстың 8 шаруашылығын 7 млрд теңгеге қаржыландырды. Жергілікті бюджет есебінен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен 4,5 млрд теңгенің 14 жобасы қаржыландырылды. Жоғарыда айтып өткенімдей, 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысын дамыту бойынша Кешенді жоспарды іске асыру аясында бөлінген республикалық бюджет қаражаты есебінен 5,1 млрд теңгеге 7 жоба қаржыландырылды. Бүгінгі кездесуіміз «Иван Зенченко» ЖШС сүт кешенінің аумағында өтіп жатқаны кездейсоқ емес, онда бүгінде күн сайын 14 тоннадан астам сүт сауылады. Осындай фермалар облыстың басқа аудандарында салынуда. 16 кешеннің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін жалпы мал басы 5,2 мың болатын 10 сүт фермасы іске қосылады, олар жобалық қуатқа шыққан кезде қосымша 30 мың тоннаға дейін сүт өндіретін болады. Мемлекет басшысы баса назар аударған маңызды мәселелердің бірі - елді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз ету. Солтүстік Қазақстан - ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталықтарының бірі», - деді аймақ өкілі. 


Мұндай мүмкіндіктер өндіріс көлемін ұлғайтуға, жыл бойы жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, бұл жалпы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.