«Облыс құрылғаннан бері жалпы құны 38 млрд теңгені құрайтын 47 жоба іске асырылып, мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Аймақтың аграрлық бағытын ескере отырып, «Қорғас» АЭА аумағында Қытайдан ең ірі жаңбырлатқыш жүйе өндірушісі құны 20 млн доллар тұратын ирригациялық жабдық шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бірінші желісі биыл іске қосылады», – деді өңір басшысы.
Бұдан басқа, облыстың шекара маңы аймағында тиімді орналасуын пайдалана отырып, көлік-логистика саласында жалпы құны 57 млрд теңге болатын ауыстырып тиеу терминалын салу бойынша 3 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның қуаты 11 млн тоннаны немесе 600-700 мың контейнерді құрайды, деді спикер.
Облыс әкімі үш жылдық үзілістен кейін «Қорғас» ХШЫО өз қызметін қайта бастағанын еске салды. Оның жұмыс режиміне өзгерістер енгізілді және тауарлар тасымалдаудың жаңа нормалары бекітілді. Қазіргі уақытта Үкіметтің арнайы қаулысымен «Қорғас» ХШЫО облыс балансына берілді.