Оның айтуынша, нормативтік базаға өзгерістер енгізіліп, Ұлттық егу күнтізбесінде 11 жастағы қыз балаларды АПВ-ға қарсы егу қарастырылған. 10-13 жастағы қыздарға қатар толықтыра егу жүргізілуде.
«Кез келген вакцинация кәмелеттік жасқа толмаған балаларда тек қана ата-аналарының арнайы ақпараттық келісімімен ғана жүргізілетінін атап өткім келеді. Келесі аптада осы адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялауға 6 өңір қосылады. Оның ішінде Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары, қалған 5 өңірде АПВ-ға қарсы вакцинацияны айдың соңына дейін бастау жоспарланып отыр», – деді спикер.
Келіп түскен екпе көлемі вакциналау жүргізуге жеткілікті. Оның бірінші партиясы өңірлерге жеткізілді. Екінші партияда шамамен 173 мың доза болады. Ол қараша айында жеткізіледі. Вакциналау мектептердегі медицина кабинеттерінде жүргізіледі. Мұндай кабинеттері болмаған жағдайда екпе аймақтық медициналық мекемелерде салынады. Елімізде АҚШ-тың Merck Sharp & Dohme компаниясы шығаратын «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Ол әлемнің 150 мемлекетінде тіркеуден өтті. Қазір екпе 100-ден астам елде қолданылып жатыр.
Бұл вакцина арнайы температуралық жағдайды талап етеді. Ол +2+8 градус аралығында тасымалданып, сақталуы керек. Еліміздің медициналық қоймалары мен орталықтарында ол үшін арнайы тоңазытқыштар мен термоконтейнерлер бар.
Айта кетерлігі, вакцинаны салмас бұрын, дәрігерлер қыз балалардың денсаулығы мен қал-жағдайын міндетті түрде тексеруге тиіс.