Оның айтуынша, ең көп инвестиция өңдеу өнеркәсібіне, білім беру, көлік, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және су бұру салаларына тартылды. Бұл экономиканың басым салаларын дамыту үшін инвестициялар құрылымының сапалы өзгеруін растайды. Қала экономикасының қарқынды дамуын және жергілікті бюджет кірістерінің айтарлықтай өсуін ескере отырып, 2024 жылғы 6 желтоқсанда Fitch Ratings Алматының «ВВВ+» деңгейіндегі дербес кредиттік рейтингін, «Тұрақты» деген болжамын растады.
«Жалпы, біз қала экономикасына осы жылдың соңына дейін 2 трлн теңге, ал келесі жылы 2,3 трлн теңге тартуды жоспарлап отырмыз. Алматылықтардың әл-ауқатын арттыру біздің жұмысымыздың маңызды басымдығы болып табылады. Ағымдағы инфляцияны ескере отырып, орташа айлық жалақы нақты мәнде 6,1%-ға өсіп, 470 мың теңгені құрады. Осы жылдың басынан бері 68 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде 82%-ы – тұрақты жұмыс орындары. Нәтижесінде, Алматыда жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді. Біз жылдық инфляцияның 2024 жылдың соңына дейін 8,5%-ға дейін және 2025 жылы 7,5%-ға дейін баяулайды деп болжап отырмыз», – деді әкім.
Ерболат Досаев жоспарларды тиімді іске асыру тұрақты және жеткілікті қаржыландыруды қажет ететінін атап өтті. Алматының Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп атқарылған шаралардың арқасында жергілікті бюджет кірістерінің айтарлықтай өсуі қамтамасыз етілді, олар ағымдағы жылдың 11 айында 1,7 трлн теңгеден асты. Желтоқсан айының басында Алматы мәслихаты қаланың 2025-2027 жылдарға арналған бюджетін бекітті. Ел тарихында алғаш рет 2025 жылға арналған қалалық бюджет 2,2 трлн теңгеден асты. Бұл 2022 жылдың басымен салыстырғанда 2 есе жоғары. 2023 жылдың басынан бастап Алматы қаласының әкімдігі ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін құжаттарды дайындау бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, 2025 жылы бюджет 2022 жылға қарай 2,2 есеге өсіп, 458 млрд теңгеге жетті.
«Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын үнемі арттыру міндетін басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті. Қала бюджеті өзінің әлеуметтік бағытын сақтайды. 2025 жылы оған бюджеттің 40%-дан астамы немесе 895 млрд теңге бөлінді. 2023 жылдың сәуір айында іске асырылған орталықсыздандыру шаралары аудан әкімдерінің азаматтарымыздың өзекті мәселелері мен проблемаларын жедел шешудегі жұмыс тиімділігі мен жауапкершілігін арттырды», – деді мегаполис басшысы.
Орталықсыздандыруды ескере отырып, Алматы қаласының сегіз ауданының бюджеті 2022 жылмен салыстырғанда 6 есеге ұлғайып, 295 млрд теңге мөлшерінде бекітілді.