20.09.2022 _ 19:34

Тоқаев: Біз реформалар жолымен ілгері басып келеміз

Америкалық Politico басылымында Қазақстан Президентінің мақаласы жарияланды.

Мемлекет басшысы өз мақаласында жуырда Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялағанын және елді саяси және әлеуметтік өзгерістер күтіп тұрғанын атап өткен.

«Қыркүйек айының басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда мен неғұрлым әділ әрі ашық Қазақстан пайымын іске асыру үшін жаңа демократиялық мандатқа қол жеткізетінімді жарияладым. Қазіргі әлем басынан қиын-қыстау кезеңдерді өткеріп жатқанына қарамастан, алдағы айларда сайлауға бара жатқан менің елім өзін басқалардан жабу инстинктіне қарсы тұруы керек деп санаймын», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жазған мақалада қазіргі Жаңа Қазақстан жаһандық жүйеде тұрақтылық орнатып, кез келген тәуекелге жол бермеуге үлесін қосу керектігі айтылған.

«Жаһанданудың, өзара тәуелділіктің және ережеге негізделген халықаралық тәртіптің өміршең баламасы жоқ. Тәуелділікті азайту және тұрақтылықты арттыру жөніндегі күш-жігер түсінікті болып, көптеген жағдайларда ақылға қонымды болса да, соңғы онжылдықтарда жаһандық өркендеуді қамтамасыз еткен барлық нәрселерден шегінуге болмайды. Біз тәуекелді азайтуға және жаһандық жүйенің құлдырауын болдырмауға міндеттіміз. Бұған тек ынтымақтастықты нығайту арқылы қол жеткізуге болады. Мен мұны жаһандық фрагментациядан туындаған қауіптердің басында тұрған елдің көшбасшысы ретінде айтамын», деп жазды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі бейбітшілік пен ынтымақтастықтың маңызы орасан зор екенін  жеткізді.

«Қазақстан әрқашан Жібек жолының қақ ортасында жатқан Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болған. Бізде Ресеймен 7,600 шақырымдық шекара, Қытаймен 1,800 шақырымдық шекара және Еуропа мен әлемнің басқа елдерімен кең сауда байланыстары бар. Тәуелсіздік алған кезден бастап біз көршілерімізбен тек достыққа негізделген қарым-қатынас орнатып келеміз. Қазақстан «ынтымақтастыққа немесе сенімге нұқсан келтірмеу қажет» деген қағидатты әрдайым ұстанады. Бүгінде Қазақстан мен Орталық Азия өз мүдделерін көздей отырып, келісіп жұмыс істеу қабілетінің нанымды үлгісі болып отыр», делінген ел Президентінің мақаласында.

Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, қазақстандықтар халықаралық саладағы ашықтық пен ынтымақтастықтың мұндай қағидаттарын ел ішінде де құнды деп санайды.

«Біздің елімізге қиындық тудыратын ауыр халықаралық қысым жағдайында да оқшаулану шешімінен алшақ боламыз. Оның орнына біз бүкіл әлемде өмір сүру деңгейінің айтарлықтай өсуіне әкелген либералды, халықаралық, ашық саясатты күшейтуге ниеттіміз. Біз әрдайым ынтымақтастық жолын таңдаймыз. Егер біз осы кезеңде алдымызда тұрған маңызды сұрақтарға жауап бермесек, онда біз «орташа табыс тұзағына» түсіп, оптимистік, жігерлі және өршіл жас азаматтарымызды ренжітіп алуымыз мүмкін», деп қосты Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Парламентке «Әділ және адал Қазақстан» құру жоспарын ұсынғанын алға тартты.

«Бұл жоспар шешім қабылдау процесін орталықсыздандыруға, заң үстемдігін нығайтуға, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған. Ол біздің саяси жүйемізді түбегейлі қайта құруға және «супер-президенттік» жүйеден арылуға бағытталған. Оның орнына біз Парламент пен жергілікті биліктің рөлін күшейте отырып, билікті орталықсыздандырамыз. Біз саяси партияларды тіркеу және құру шектеулерін алып тастап, плюрализмнің жаңа дәуірін ашамыз», деді ол. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай жеті жылдық президенттік мерзімнің енгізілуіне бастамашы болғанын да атап өтті.

«Мен Қазақстанда бірыңғай жеті жылдық президенттік мерзімнің енгізілуіне бастамашы болдым. Бұл Қазақстандағы демократияны дамытуға үлкен үлес қосады деп санаймын. Бүгінгі таңда әлемдегі бірде-бір мемлекет мұндай батыл қадам жасаған жоқ. Осы өзгерістердің барлығы бізге «күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» моделіне көшуге көмектеседі. Бұл реформаны алға жылжыту үшін сенімді мандат қажет. Дәл сол себепті мен осы күзде президенттік сайлау өткізуді ұйғардым және барлық болашақ президенттерге бір мерзімнен артық қызмет атқаруға тыйым салатын заң ұсындым. Кейбір бақылаушылар мұндай өршіл реформаларды жүзеге асыра алатынымызға күмәндануы мүмкін. Алайда барлық тарихи өзгерістер саяси батылдық пен құрбандықты қажет етеді. Маған бұл міндеттің ауқымы белгілі», деп жазады Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары халықтың ұлттық ойлау қабілеті терең әлеуметтік өзгерістерден, экономикалық дағдарыстан және қауіпсіздік дағдарысынан туындаған түбегейлі өзгерістерге ұшырады деп санайды. 

«Біз әділетті және әр азаматқа тиімді, қолайлы қызмет ететін елді құруымыз керек екенін түсінеміз. Егер біз тоқырауды болдырмауымыз керек болса, тездетіп жаңа реформаларға толық жылдамдықпен алға жылжуымыз керек екенін түсіндік. Менің ойымша, біз кез келген мәселе – мемлекеттік немесе жаһандық болсын, жалпыға ортақ мәселе екенін мойындай отырып, алға қарай жүре аламыз. Біз осы ортақ сын-қатерлерге тек ауызбіршілікпен, бірлескен іс-қимылдармен ғана жауап бере аламыз. Қазақстанда билікті барынша ашық және орталықсыздандыру арқылы экономикалық мәселелерді, ұлттың дамуы мен әртараптандыру мәселелерін шешеміз. Сондықтан біз климаттың өзгеруі, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін де шешу үшін халықаралық деңгейде бірге жұмыс істеуге тиіспіз», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Төменде Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласының ағылшын тіліндегі толық нұсқасы берілген.

https://www.politico.eu/article/kazakh-president-we-must-flip-the-switch-of-reform/